Павлодарлық оқушы Баянауыл ұлттық саябағына виртуалды саяхат ұйымдастырды

Павлодарлық оқушы Баянауыл ұлттық саябағына виртуалды саяхат ұйымдастырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«ProEco» республикалық экологиялық жобалар конкурсының қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығында «Туған өлкенің табиғаты», «Мені қоршаған әлем –  ғажайып әлем», «Үздік экологиялық бастама», «Таза қала сенен басталады» атты төрт бағыт бойынша  байқау өткізілді. Оған қала мектептерінің 5-8-сыныптарының 30-дан астам оқушысы қатысты. 

Байқау шығармашылық, зерттеу жұмыстарымен айналысатын, экологиялық проблемаларға қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Үздік жұмыстар байқаудың облыстық кезеңіне ұсынылады, – дейді орталықтың «Экология» бөлімінің меңгерушісі Наталья Губарь.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарға 19 оқушы ие болды, оның ішінде бірінші орындарға №17, 40, С. Торайғыров, М. Әлімбаев, А. Байтұрсынұлы, Жетекші мектептерінің жеті оқушысы иеленді. Байқаудың облыстық кезеңіне бірінші орын алған қатысушылар өз жұмыстарын ұсынады.

Мәселен, «Туған өлкенің табиғаты» номинациясына С.Торайғыров атындағы ЖОМ 8-сынып оқушысы Ерасыл Рамазанов «Баянауыл ұлттық паркіне виртуалды саяхат» жұмысымен қатысты. Өз жұмысында ол ұлттық саябақты таныстырып, Баянауылдың тарихы туралы айтып, табиғаттың сұлулығын көрсетті.

«Таза қала сізден басталады» номинациясында А.Байтұрсынұлы атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Алексей Тумаренко «БАҚ экологиялық мұраны сақтаудың субъектісі және құралы ретінде» жұмысын таныстырды.

– Мен экологиялық мәселелерді зерттей отырып, біздің өлкеміздің экологиялық мұрасын сақтау туралы подкаст жасадым. Біз туған қаламыз таза әрі әдемі болуы үшін барлығын жасауымыз керек, – дейді Алексей.

«Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» номинациясына Жетекші ЖОМ 5-сынып оқушысы Томирис Темірғалиева «Удивительный сосед – этот розовый скворец» жұмысымен қатысты.  Өз жұмысында ол  ауылда бақылап отырған сирек кездесетін құс туралы айтты. 

«Үздік экологиялық бастама» номинациясын «Оқушылардың экологиялық сауаттылығын қалыптастыру үшін компьютерлік ойын құру» жұмысымен қатысқан оқушылар алды. Сондай-ақ, бірқатар оқушылар «Өз ауылының эко – болашағы» макетін жасады.