Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алды

Павлодарлық оқушы халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан құрамасы алты оқушы мен команда жетекшісінен құралған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ресейдің Сочи қаласында өткен биологиядан ашық халықаралық OIBO-2026 олимпиадасында павлодарлық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті.

17 мемлекеттен келген жүзден астам оқушы қатысқан беделді білім додасында Қазақстан құрамасының сапында алты оқушы өнер көрсетті. Олардың екеуі – Павлодар қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының шәкірттері Ерсұлтан Қайыркен мен Нұрали Билялов.

Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Қайыркен алтын медаль жеңіп алса, 10-сынып оқушысы Нұрали Билялов күміс жүлдеге ие болды. Оқушыларды олимпиадаға ұстаз Олжас Әмзеев дайындаған.

Биылғы олимпиадаға Ресей, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Индонезия, Тайланд, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Бангладеш, Камбоджа және Венесуэла секілді елдердің оқушылары қатысты.

Өңірлік білім беру басқармасының мәліметінше, олимпиаданың негізгі мақсаты – жас зерттеушілерді заманауи биологиялық және биотехнологиялық мәселелерді шешуге тарту, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасуды дамыту.

Павлодарлық оқушылардың жетістігі өңірдегі білім сапасы мен жүйелі дайындықтың нәтижесі ретінде бағаланып отыр.