Павлодар облысында «алғашқы қоңырау» күні белгіленбеді

Келер оқу жылында облысымыздың 116 мың оқушысы мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін ҚР-ның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің мектептерінде оқу жылы ресми түрде 2 қыркүйекте басталатынын мәлімдеген еді. Биыл Конституция күні демалыс күніне келгендіктен, бірінші сынып оқушыларына арналған іс-шаралар бір күнге шегерілді.
– Егер мектеп, педагогикалық кеңестер бірінші қыркүйекке орай салтанатты іс-шараны дәл сол күні өткізуге болады деп есептесе, біз, әрине, ондай мүмкіндікті береміз, бірақ ресми түрде барлық іс-шаралар екінші қыркүйекте өтуі тиіс, – деді министр.
Облыс мектептеріне салтанатты іс-шараларды өткізуге екі күннің бірін таңдау ұсынылды. Алайда білім басқармасы әзірге нақты жауап бере алмай отыр.
– Біз алғашқы қоңырауларды өткізу күндері туралы ресми хат күтіп отырмыз. Қазір нақты күнін айту қиын. Ақпарат алғаннан кейін міндетті түрде мәлімдеме жасаймыз, – деп бөлісті тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Ботакөз Әбілжанова.
Жаңа оқу жылында облыс бойынша он мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Қазіргі уақытта мектептерде бірінші қыркүйекке қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда 12 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған мектептердің құрылысын 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, барлық мектептер оқулықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілген, мұғалімдер тапшылығы жоқ.
Сондай-ақ, демалыс күндері де белгілі болды. Күзгі каникулдар 27 қазаннан 2 қарашаға дейін, қысқы демалыстар 29 желтоқсаннан 7 қаңтарға дейін, көктемде 19 наурыздан 29 наурызға дейін жалғасады.
Ислам Достов