Павлодарлық оқушыларға батырдың ерлігі жайлы айтылды
Шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровтің туғанына 105 жыл толуына орай және ұлы мереке – Жеңіс күніне арналған «Сарыарқа сұңқары» атты ерлік сабағы өтті.
Шараға №36 мектептің оқушылары қатысты. Нүркен Әбдіровтің өмірі, ерлігі туралы әңгімелеп, «Сарыарқа сұңқары» бейнебаяны көрсетілді.
Сонымен қатар, оқушылар Жеңіс және Отан қорғаушылар күніне арналған «Ер есімі – ел есінде» атты кітап көрмесімен танысты.
Сұрапыл соғыс майдандарында қазақ ұшқышы Нұркен Әбдіровтің Борис Алексеев, Питер Вычугжанин, Алексей Писанкомен арадағы майдандас достығы нығая түсті. Осындай құрамда, төрт шабуылдаушы ұшқыш жауынгерлік тапсырмаларға бірге шығып жүріп, «юнкерлер» мен «мессершмиттердің» де шабуылына төтеп берді. 16 рет жауынгерлік тапсырмамен әуеге ұшқан Нұркен Әбдіров фашистің 12 танкісін, 28 жүк көлігін, оқ-дәрі тиелген 18 көлігін, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін және 50-ден астам неміс әскері мен офицерлерінің көзін жойды.