Павлодарлық оқушылар қай жерде болашақ мамандығын таңдай алады?

Павлодарлық оқушылар қай жерде болашақ мамандығын таңдай алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

70-ші жылдары шаһарда қаланған оқу-өндірістік комбинаты түлектердің «Келешекте кім боламын?» деген сұрағына әлі күнге дейін жауап табуда. 

@Pavlodarnews.kz тілшісі модернизациядан өткен, заманауи кәсіптердің қыр-сырын ашатын мекемеге барып, оқытушылардан сұхбат алды. 

Оқу-өндірістік комбинаты не үшін қажет?

Лермонтов көшесінде орналасатын қалалық оқу-өндірістік комбинаты жыл сайын мектептермен келісімшартқа қол қойып, оқушыларға кәсіптік бағдар береді. Биыл 2700 бала сегіз бейіндік бағыт бойынша пайдалы, теориялық және тәжірибелік ілім алып жүр. Бұл бала саны оқу жылы өткен сайын тек өсіп келе жатыр, алайда 2500-ден төмендемейді. 

Мекеме директоры Ирина Базьконың айтуынша, 2019 жылдан оқытушылар 7-сынып оқушыларымен де жұмыс істей бастады. 

– Біздің оқу-өндірістік комбинаты республика бойынша үздік деп танылды. Балалар қызығушылықтары бойынша бейінді бағытты таңдайды, – деп атап өтті мекеме директоры. 

Келешекте кім боламын?

Оқу жылының басында 7-11-сынып оқушыларынан қандай кәсіп туралы толығырақ білгісі келетінін сұрап, таңдау береді. Олар келесі мамандықтардың бірін таңдау құқығы бар: В дәрежелі көлік құралдарының жүргізушісі, кәсіпкерлік пен бизнестің негіздері, графикалық дизайн, кіші медбике-массажшы/медаға-массажшы, офис-менеджері, педагог-психолог, маркетинг менеджері, стилист-визажист, киім дизайнер, графика және жобалау, журналистика және блоггинг. 

Аталмыш кәсіптерді оқыту барысында түлектер және болашақ мамандық иелері өңірде және жалпы елде қандай мамандық бар екенін біліп, қай оқу орнына түсуге болатынын түсінеді. Өз қалауымен таңдаған бейінде оқушылар сол мамандықпен жақынырақ танысып, өмірлерін осы жұмыспен қаншалықты байланыстырғысы келетінін тексереді. Ал тәжірибелі, кәсіби оқытушылар сол түсінікті аңғаруға көмектеседі. 

– Павлодарда оқу-өндірістік комбинаты 70-ші жылдардан бері бар. Сол кезде барлық өңірлерде осындай мекеме жұмыс істейтін. Қазіргі күндермен салыстырсақ, бұрын дәнекерлеуші, әктеуші-сылақшы, сатушылар деген мамандықтар болды. Мысалы, сол кездегі трактор зауытымен келісіп, оқушыларды практикаға өндіріске апаратын едік. Ал енді заман өзгерді. Олар заманауи болғысы келеді. Мұның бәрін ескеріп, балалардың көзқарастары аясында таңдау беру керек, – деді Ирина Базько.

Мамандықтың дегустациясы өтетін жер

10-нан аса бейіннен сұранысы көп мамандықтың бірі – медбике. Тіпті №7 арнайы мектеп-интернатынан да балалар келіп, ақ халатты жан ретінде байқап жүреді. 

– Бағдарлама бойынша алғашқы көмектің, реанимацияның әдістерін үйретемін. Жарақат алған кездегі таңғыштарды салу, ине егу де бәрінің қолынан келе бермейтін іс, сондықтан медицина саласындағы біліммен бөлісемін, – деді медбике-массажшы/медаға-массажшы бейіннің жетекшісі Құралай Сейтқанова. 

Кабинетте адам емдеуге керекті дәрі-дәрмектер, құрал-саймандар, тігістердің муляжі мен адамның манекені бар. Кейін сәтті түрде емтихан тапсырған балалар медициналық университетке түскен кезде жеңілдік беріледі. Олардың ӨОК-ның куәлігімен грантқа түсуге мүмкіндігі өте жоғары. Тіпті, Ресейдегі жоғары оқу орындар сол куәлікке қарап, қосымша балл береді.

11-сынып оқушылары бүкіл сыныппен бірге таңдайтын бейінге көлік жүргізу ісі жатады. Ол үшін мекемеде үш кабинет қарастырылған. Екі тілде сабақ беретін оқытушылар болашақ жүргізушілермен 40 минутта жол қозғалысы ережелерін үйретіп, көліктің ішкі құрылысын, жолдағы ситуациялық оқиғаларды талдайды. 

– 2020 жылы ғимаратымыз кешенді жөндеуден өткен соң  көліктеріміз жаңартылып, материалдық-техника база да толықты. Автотренажерлар барVR кабинеті пайда болды, – деді директордың оқу өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары және көлік жүргізу ісінің оқытушысы Андрей Емельянов. – Біз Қазақстан Республикасының жол қозғалысы туралы Заңы бойынша жұмыс істейміз. Теориялық білімді алғаннан кейін оларды автотренажерларға отырғызып, кейін жолға шығарамыз. 

Айта кетейік, ғимараттың аумағында оқушылар рөлге отырып, өздерін жүргізуші ретінде сезіне алатын мини-автодром бар. Ал жақсы тәжірибе жинаған және тез үйреніп кеткен түлектер Омбы трассасында, қала ішінде көлік жүргізуге мүмкіндік алады. Тестілеу планшеттерге жүктелген ХҚКО-да қолданылатын бағдарлама арқылы өтеді. Бұл көлік куәлігін алуға ниеттеніп жүрген оқушылар үшін ыңғайлы, себебі олар сынаққа алдын ала дайын болады. 

– Оқыту кезінде жағдайларды, қиылыстарды, бағдаршамдарды және белгілерді талдаймыз. Жүргізуші өте шапшаң ойлануы керек. Ол шахматшы сияқты өзінің қадамдарын, әрекетін алдын ала ойластыруы қажет, – деп түсіндірді Андрей Емельянов.

Кабинеттердегі ерекше дизайн оқушылардың назарын аудармай қоймайды. Мысалы, көлік жүргізу ісіне арналған кабинеттің бірінде қабырғалар жолдың жүріс бөлігіне ұқсатылып боялды, ал төбесінде белгілердің суреттері бейнеленген. 

– Мектептен сағаттар беріледі. Бізбен 30 мектеп серіктестік орнатты. Балалар аптасына екі рет 40 минутқа келіп отырады, – деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәдина Шақаманова.

Оның сөзінше, оқу-өндірістік комбинаты жергілікті жоғары оқу орындар мен колледжер, кәсіпорындармен серіктестік жасайды. Себебі, бұл түлектердің кәсіптерге деген жеке көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Келесі жылы мекемеде кондитерлік ісі бойынша бейінді енгізу  жоспарда бар.

– Мен 25 жыл бойы орыс тілі мұғалімі болып жұмыс істедім. Кейін алты жыл кондитер болып, жеке кәсібімді аштым. Оқушылар арасында бұл мамандық бойынша сұраныс бар. Егер осындай бейін ашылса, мен кондитерлік өнердегі трендтерді оқытқым келеді. Өзім маршмэлоудан мүсіндер жасаймын. Менің ойымша, бұл балаларға өте қызықты болады, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Наталья Калакша.

Ал журналистика бойынша жергілікті «Ирбис» телеарнасының тілшісі Артем Буланов сабақ береді. Ол оқушыларды түсірілмдерге ертіп, редакциялық өмірмен таныстырады. Оның бірнеше түлегі грант ұтып, Санкт-Петербургке оқуға түскен. 

IT саласы да ұмыт қалмаған. Графикалық дизайнер болғысы келетіндер үшін кабинет соңғы үлгідегі компьютерлемен жабдықталған. Олар анимациялық мультфильмдер, суреттер жасайды. Ал іші шаштараз салон сияқты кабинетте қыздар манекенде шаш үлгілерін көрсетеді. Көршілес орналасқан кабинетте болашақ тігінші және дизайнерлер отырады. Оларға тігін машинасы арқылы тігістердің түрлері, киімді неден, қалай тігу керектігін үйретеді.

Фото: автор