Павлодарлық оқушылар криминалист мамандығымен танысты
Мектеп оқушылары арнайы полигонда айғақтарды іздеп көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, №11 мектептің оқушылары үшін полиция қызметкерлері криминалистика негіздеріне арналған тәжірибелік сабақ өткізді.
Іс-шара барысында аға тергеуші Нұрзифа Төлюбаева мен аға криминалист Юрий Духновский оқушыларды тергеуші мен криминалист мамандықтарының ерекшелігімен таныстырып, оқиға орнын қарау, іздерді тіркеу және заттай дәлелдемелерді алу тәртібін көрсетті.

Тәжірибелік бөлім арнайы криминалистикалық полигонда өтті. Онда шартты оқиға орны әзірленіп, оқушылар саусақ іздерін анықтап, оларды арнайы құралдардың көмегімен алып, фототүсірілім жүргізіп, айғақтарды рәсімдеуге қатысты.
– Бұл интерактивті іс-шара оқушыларға кәсіптік бағдар беруге және құқық қорғау органдарының жұмыс әдістерімен таныстыруға бағытталған. Сабақтың тәжірибелік бөлімі арнайы криминалистикалық полигонда өтті. Мұнда шартты түрде оқиға орны жасақталып, балаларға заманауи криминалистикалық техниканың қолданылуы көрсетілді, – деді Юрий Духновский.
Оқушылардың айтуынша, тәжірибелік сабақ криминалист мамандығы туралы түсініктерін кеңейтіп, құқық қорғау саласына қызығушылықтарын арттырған.
Осындай кездесулер мектеп оқушыларын полиция қызметінің ерекшелігімен таныстырып, құқық қорғау саласындағы мамандықтарды таңдауға ынталандыруға бағытталған.