Павлодарлық орындаушылар биіктен көрінді

Павлодарлық орындаушылар биіктен көрінді
Суретті колледж әкімшілігі ұсынды

Жастар халық аспаптарын жақсы меңгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының студенттері 46-шы республикалық орындаушылар байқауына қатысып, кәсіби шеберліктерін айқын көрсетті.

Музыкалық колледждер арасындағы аталмыш байқау биыл Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау қалаларының университеттері мен музыкалық колледждерінде өткен.

–    Шара дарынды жастарға шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, орындаушылық өнері мен сахна мәдениетін паш етуге мол мүмкіндік сыйлады.  Ұстаздарының бағыт-бағдарымен дайындалған білім алушылар республикалық деңгейде колледж абыройын асқақтатып, жоғары деңгейде өнер көрсетті, – дейді колледж директорының орынбасары Айнұр Карашина.

Ұстаздың айтуынша, байқау барысында колледж студенттері орындаған туындыларын терең сезіммен, техникалық шеберлікпен жеткізе білген. Әсіресе, «Халық аспаптары», «Ішекті аспаптар», «Фортепиано» және «Эстрадалық вокал» номинацияларында ерекше көзге түскен студенттер жүлделі орындарға ие болып, дипломдар мен Алғыс хаттарға алған.

Байқауда екінші орынды скрипкада ойнаған Ділназ Жанкүшікова, гитарада Қобыланды Әжібеков, қобызшы Айым Мэлс, Айжан Жансүгірова жеңіп алды. Үшінші орынды эстрадалық вокалдан Сабрина Достова, гитарашы Фаиль Сибагатуллин иеленді. Сондай-ақ, домбырадан «Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы» арнайы жүлдеге Диас Қайыркен, «Гүлнафис Баязитова атындағы» арнайы марапатқа қобызшы Айзере Айкенова ие болды.

Ернұр Нөгербек, Нұрсултан Асылбеков, баяншылар дуэті Кирилл Мякота мен Ернұр Нөгербек және пианист Әмина Ғабдуллина байқаудың дипломанттары атанды.

Айта кетейік, аталмыш байқау өнер саласында шығармашылық жетістіктерін анықтау, талантты және дарынды шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында дарынды адамдардың кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады.