Павлодарлық полицей ERG RUN FEST – 2026 фестивалінде алтын медаль жеңіп алды

Павлодарлық полицей ERG RUN FEST – 2026 фестивалінде алтын медаль жеңіп алды
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Ақсу қаласында кәсіби спортшылар мен жүгіру әуесқойларын біріктірген ERG RUN FEST – 2026 ауқымды жүгіру фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дүбірлі додаға шамамен 1200 спортшы қатысып, 3, 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтарда бақ сынады. Аталмыш жарыста «ҚР ІІМ Арлан» спорт кешенінің намысын Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері, полиция подполковнигі Әсел Абдраманова қорғап, 21 шақырымдық қашықтықта алтын жүлдеге ие болды.

Полиция подполковнигі жартылай марафонды 1 сағат 36 минутта жүгіріп өтіп, әйелдер арасындағы өз жас санатында үздік нәтиже көрсетті.

– Бұл марапат мен үшін өте маңызды. Әр жеңістің артында тынымсыз жаттығу мен қатаң тәртіп бар. Осындай нәтижеге қол жеткізгенімді мақтан тұтамын. Бұл жетістік мені алға ұмтылуға шабыттандырып, алдыма бұдан да биік мақсаттар қоюға жігер береді. Қазір мен өз өмірімді спортсыз елестете алмаймын, – дейді Әсел Абдраманова.

Айта кетейік, Әсел Абдраманова – жеңіл атлетикадан түрлі деңгейдегі жарыстардың тұрақты жүлдегері әрі жеңімпазы. Ол көп жылдан бері спортпен кәсіби түрде айналысып келеді. Спортшы ядро, диск және балға лақтыру, екпін алып ұзындыққа секіру, үш қарғып секіру және жүгіру секілді бірнеше бағытта өнер көрсеткен.

Бүгінде Әсел Абдраманова диск лақтырудан Қазақстан рекордшысы, сондай-ақ күштік спорт түрлерінен әлем және Азия чемпионы, спорт шебері атанған. Оның қоржынында түрлі деңгейдегі жарыстардан жеңіп алған алтын, күміс және қола медальдар бар.

Павлодарлық полицейдің ERG RUN FEST – 2026 жарысындағы жеңісі – кәсіби қызмет пен спортты қатар алып жүрген маманның табандылығы мен жоғары дайындығының нәтижесі.