Павлодарлық спортшы шаңғы жарысында алтын иеленді

Павлодарлық спортшы шаңғы жарысында алтын иеленді
Фото: Instagram/ schuchinsk_ski

Щучинск қаласында FIS шаңғы-роллер бойынша Азия кубогы аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Соңғы жарыс – әйелдер арасында 16 шақырым және ерлер арасында 20 шақырым қашықтыққа классикалық стильдегі масс-старт болды. Барлық жүлделі орындарды қазақстандықтар жеңіп алды.

Әйелдер арасында ең мықты болып Павлодар облысының спортшысы Дарья Ряжко атанды. Екінші орынды Щучинск қаласының спортшысы Тамара Эбель иеленді, ал үшінші орын Павлодар облысы атынан қатысқан Елизавета Толмачёваға бұйырды.

Щучинскідегі Азия кубогының кезеңі – осы маусымдағы үшінші және соңғы кезең. Алғашқы екі кезең шілде айында Тайландта және тамызда Кореяда өткен. Азия кубогының тарихтағы алғашқы маусымына барлығы 11 елдің спортшылары қатысты. Кубок қорытындысы бойынша елдер арасындағы жеңісті Қазақстан құрамасы иеленді, екінші орынды Оңтүстік Корея құрамасы, ал үшінші орынды Тайланд командасы еншіледі.

Еске сала кетейік, облыстан үш спортшы қысқы Олимпиадаға қатысу үшін үміткерлік мәртебеге ие. Олардың қатарында шаңғы жарыстары бойынша Дарья Ряжко да бар. Оның дайындығы қарқынды жүріп жатыр.