Павлодарлық полицейдің фортепианодағы өнері елді тәнті етті
Орталық жағалауда полицияның кіші сержанты Ислам Саттаровтың фортепианода музыкалық шығарма орындаған видеосы әлеуметтік желіде кең тарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшысының өнері қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.
Павлодар облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының екінші батальонында қызмет ететін Ислам Саттаровтың айтуынша, бала күнгі арманы – полиция қызметкері болу еді.
Музыкаға деген қызығушылығы да ерте жастан басталған. Мектеп кезінде музыка мектебінде домбыра сыныбы бойынша білім алған. Ал фортепианода ойнауды өз бетінше меңгерген.
Полицейдің айтуынша, музыка оның өмірінде ерекше орын алады.
– Музыка қуанышты сәттерде де, көңілсіз кездерде де демеу болады. Ол жұмыс күнінен кейінгі шаршауды басып, сөзбен жеткізе алмайтын сезімдерді жеткізуге көмектеседі, – дейді Ислам Саттаров.
Ол Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүргенде жағалаудағы көше фортепианосын байқап қалған.
– Сол күні орталық жағалауда қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрдім. Жолай фортепианоны көріп, көңіл күйім жақсы болған соң жай ғана ойнап көргім келді. Кейін біреулер түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген екен. Қазір көшеде танып, амандасып жатқандары қуантады, – дейді тәртіп сақшысы.
Оның сөзінше, алғашында айналасына жиналған адамдарды байқамай қалған.
– Кейін көрген кезде сасып қалдым. Адамдар қол шапалақтап, тағы бір шығарма орындауды сұрады. Содан кейін тағы бір композиция ойнап бердім, – дейді ол.
Исламның өнеріне әріптестері мен басшылығы да қолдау білдірген.
Оның пікірінше, полициядағы қызмет пен өнер бір-біріне кедергі емес.
– Полицей болу туралы арманым орындалды. Музыканы да жақсы көремін. Полицияда жүріп те өнермен айналысуға болады. Бірі екіншісіне ешқашан бөгет болмайды, – дейді Ислам Саттаров.
Жас полицейдің мысалы тәртіп сақшыларының тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандар ғана емес, сонымен бірге жан-жақты дамыған, өнер мен ұлттық мәдениетті құрметтейтін азаматтар екенін көрсетті.