Павлодарлық полицейлер жаңа жылда жаңа бейнежетондармен қамтамасыз етіледі
Олардың қуаты бұрынғыларға қарағанда көпке жетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының м.а. Азамат Күркебаевтың айтуынша, бұрынғы бейнежетондар 2017 жылы алынған болатын. Қазір олардың қызмет ету уақыты небәрі бір-екі сағатқа ғана жетеді. Сондықтан биыл жаңа үлгідегі бейнежетондар сатып алынды, ал 2026 жылы оларды барлық учаскелік полиция инспекторларына беру жоспарланып отыр.
– Бұрынғы жетондар суық ауа райында жиі істен шығатын. Ал жаңа үлгідегі құрылғылардың қуаты төрт сағатқа дейін жетеді және аязға төзімді, – деді Азамат Күркебаев.
Жаңа бейнежетондар смарт-жүйе технологиясымен жабдықталған. Олар Ішкі істер органдарының оперативтік басқару орталығына тікелей қосылады. Бұл мүмкіндік әрбір патрульдің нақты қай жерде жүргенін көруге және кезекші инспектордың бейнетрансляцияға онлайн қосылуына жағдай жасайды.
Бұл – ішкі қауіпсіздік пен азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бейнежетондар арқылы түсірілген материалдар әкімшілік іс жүргізуде және ішкі тексерістерде дәлел ретінде пайдаланылады.
– Әр қызметкер кезекші бөлімге кіріп, бейнежетондар нөмірін көрсетеді. Егер құрылғы істен шықса, бұл арнайы есепке алынады. Қажет болған жағдайда балама ретінде мобильді телефон немесе бейнетіркеу құрылғысы қолданылады, – деді басқарма басшысы.
Полиция департаменті өкілдері жаңа жетондардың енгізілуі ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын арттырып, тұрғындардың полицияға деген сенімін нығайтуға ықпал ететініне сенімді.