Павлодарлық студент Шанхайдағы WorldSkills чемпионатына қатысуға дайындалуда

Павлодарлық студент Шанхайдағы WorldSkills чемпионатына қатысуға дайындалуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірлік жарыстардың жеңімпаздары жастармен тәжірибе бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жетістік зертханасы 2.0» жобасы аясында кезекті кездесу «Достық үйінде» ұйымдастырылды. Оған 10-11-сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Павлодар сервис және тамақтану колледжінің 4-курс студенті Зейнолла Санжар республикалық WorldSkills-2024 чемпионатында «Ресторандық сервис» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иеленген. Ол чемпионатқа дайындықтың екінші курстан басталғанын айтып өтті

– Ұстазымыз Альмира Маратқызы бізге ұсыныс жасап, республикалық чемпионатқа қатысуға шақырды. Біз жарты жыл бойы дайындалдық. Алдымен өңірлік деңгейде бірінші орын алып, кейін республикалық чемпионатта да жеңіске жеттім, – деді ол.

Санжардың айтуынша, жарыс үш модульден тұрды, банкет ұйымдастыру, қонақтарды күту, коктейль дайындау, сондай-ақ майлықтарды әртүрлі үлгіде бүктеу. Бұдан бөлек жеміс-жидек табағын немесе салатты қол тигізбей әзірлеу сияқты арнайы тапсырмалар болды.

– Кей күндері төрт-ақ сағат ұйықтап, таңертең сабаққа барып, одан кейін жұмыс істейтін кездер болды. Нәтижесінде Мәскеудегі «Синергия» университетіне «Мейрамхана және қонақүй бизнесін басқару» мамандығы бойынша грант ұтып алдым. Кейін колледжді аяқтаған соң жоғары оқу орнына түспек ойдамын, – деді ол.

Сонымен қатар, ол 2026 жылы Қытайдың Шанхай қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа қатысуды жоспарлап отыр. 

Сондай-ақ, кездесуге Павлодар сервис және тамақтану колледжінің түлегі Анатолий Волокитин де қатысты. Ол бармен-бариста мамандығы бойынша білім алып, қызыл дипломмен бітірген. Ол халықаралық сертификатқа ие, сонымен бірге өз колледжінде мастер-класс өткізіп, Түркияда алған тәжірибесімен бөлісті. 

– Түркияда тәжірибеден өттім. Әртүрлі мәдениет өкілдерімен араласып, тіл үйрендім. Ол жақта адамдар өте ашық, көңілді. Бұл маған үлкен тәжірибе болды Сонымен қатар, көпшілік ойлайтындай, тамақтану саласында тек жақсы білім алмаған адамдар жұмыс істемейді. Егер сапалы білім алсаң, осы салада дамуға мүмкіндік шексіз. Сондықтан ең бастысы – сүйікті ісіңді табу, – дейді Анатолий.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер оқушылар мен студенттерге үлкен мотивация береді. Өйткені табысты мамандардың нақты тәжірибесі жастардың өз болашағын дұрыс таңдауға көмектеседі.