Павлодарлық студент Түркияда кәсіби тағылымдамадан өтті
Ол – Павлодар технологиялық колледжінің студенті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Дайындық және тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 3-курс студенті Мейірман Тілеулес Түркияның жоғары сервисімен танылған Selectum Noa Belek бес жұлдызды қонақүйінде кәсіби тағылымдамадан сәтті өтті.
– Мен тағылымдама барысында кәсіби тәжірибе жинап, тағамдарды дұрыс дайындау, дастарханды әсем безендіру, санитарлық талаптарды сақтау, халықаралық деңгейдегі аспаздар командасында жұмыс істеу дағдыларын меңгердім. Нақты өндірістік ортада еңбек ету мамандығыма деген сенімділігімді арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Тәжірибе кезінде тапқан қаражатым шетелде білімімді жалғастыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Чехиядағы Rener Education тіл мектебінде оқып, өз салам бойынша университетке түсуге дайындалып жатырмын, – деді студент.
Айта кетейік, Павлодар технологиялық колледжі халықаралық ынтымақтастық қатынастарын дамытып жатыр. Колледж «Caspian Center» ЖШС компаниясымен келісімшарт жасап, студенттерге Анталия провинциясындағы жетекші қонақүйлерде өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін ұсынуды жалғастыруда.