Павлодарлық студенттер Қазақстандағы ең ірі AI-хакатонда үздік атанды

Павлодарлық студенттер Қазақстандағы ең ірі AI-хакатонда үздік атанды
Фото: Университеттің баспасөз орталығынан

Марғұлан университетінің студенті бес мың доллар жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Марғұлан университеті жаратылыстану жоғары мектебінің студенті Станислав Гайдаков Қазақстандағы ең ірі AI & Blockchain-хакатоны – «Decentrathon 5.0» байқауының жеңімпазы атанды.

Станислав National Solana Hackathon бағыты аясындағы «AI + Blockchain» кейсі бойынша бірінші орынды иеленіп, IT-міндеттерді шешудегі жоғары дайындық деңгейі мен инновациялық көзқарасын көрсетті.

Станиславпен бірге Павлодар жоғары басқару колледжінің студенті Игорь Столяров өнер көрсетті. Байқау қорытындысында команда сенімді жеңіске жетіп, ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Decentrathon 5.0» – Artificial Intelligence, Web3 және Blockchain салаларындағы әзірлеушілер мен IT-мамандарға арналған елдегі ең ірі алаң. Биыл хакатон Қазақстанның 20 қаласынан келген 2000-нан астам қатысушыны біріктірді. Он күн бойы командалар технологиялық шешімдер әзірлеп, өз жобаларын сарапшылар алқасына таныстырды.

Студенттердің жеңісі тек университет үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды жетістікке айналып, жас мамандардың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жоғары әлеуетін дәлелдеді.