Павлодарлық студенттер ретроавтокөліктер жинап шығарды
Олар ретротехниканы сабақтан бос уақытта қалпына келтірумен айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде ретроавтобильдер мен мотоциклдер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кеңес дәуіріндегі автомобильдер мен мотоциклдердің 10-нан астам моделі, сондай-ақ инженерия факультетінің студенттері мен магистранттарының алты жеке әзірлемесі ұсынылды.
Мысалы, электр қуатымен және мұнай отынымен жүруге қабілетті Ока гибридті көлігін немесе студенттер қолмен құрастырған «Ecoplaneta 4.0» мотоцикліне негізделген Ecoplaneta электр мотоциклі, сондай-ақ автомобиль модельдерін көруге болады. Сондай-ақ, «Запорожец», «Мотороллер тула-турист» автомобиль модельдері мен «Иж», «Юпитер» мотоциклдер желісі назарға ұсынылды.
– Көрмеге қойылған ең ескі көлік - «Победа ГАЗ-М 20». Барлық машиналар 40 жылдан асқан. Біз көліктерді жүрмейтін, ескі немесе металл күйінде алып, реставрация жасап, кәдімгі жүретін автокөліктердің қалпына келтірдік. Жұмыстар сабақтан тыс уақытта жасалады, – деді «Көлік техникасы және логистика» кафедрасының аға оқытушысы Рамис Зарипов.
Ретротехниканы қалпына келтіру «Альтенсур» студенттік ғылыми-техникалық үйірмесінің қызмет бағыттарының бірі болып табылады.
Өткен жылы көрме инженерия факультетінің аумағында қарапайым түрде өткен. Ретротехниканың 10 түрі қойылған. Бір жыл ішінде көліктер жиналып, көбі қалпына келтірілді.
Инженерия факультетінің ғылым жұмысы бойынша орынбасары Ансаған Дүйсенбайұлы тағы да 10 шақты көлік алып, оларды қалпына келтіріп, кезекті үшінші көрме ұйымдастыру жоспарда бар екенін атап өтті.