Павлодарлық тұрғын бұзылған теледидар үшін сатушыға айыппұл салдырды
Дүкен талап-арыз қабылдаудан бас тартқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының тұрғыны тұрмыстық техника дүкенінен кепілдік мерзімі бір жыл болатын теледидар сатып алған, алайда бірден ақаулар пайда болған. YouTube көргенде бейне қатып қалады, қашықтан басқару пультіндегі батырмаларды басқанда сурет бұрмаланып, қисайып кететін.
Тұтынушы дүкенге тауарды айырбастау немесе ақшасын қайтару туралы талап-арыз жолдағанымен, сатушы ішкі тексеру жүргізіп, кемшіліктер жоқ деп жауап беріп, өтінішті қабылдаудан бас тартқан.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы қосымша тексеру, яғни сараптама жүргізбей тұрып, сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуға құқығы жоқ, – деді басқарма басшысы Болат Тұрмағанбет. – Өтініш бойынша Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп, уәкілетті сервистік орталықта сараптама жасатты. Тексеру барысында өндірістік ақау анықталмаса да, заң бұзушылық орын алғаны белгілі болды: теледидарға қосымша сараптама жүргізбей тұрып, тұтынушыға айырбастау мен қайтарудан бас тартылған.
Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісі 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлға тартылып, заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілген.
Департамент тұтынушыларға сапасыз тауармен кездескен жағдайда өз құқықтарын қорғауға шақырып, сатушылар заң талаптарын орындауға міндетті екенін ескертеді.