Мыңдаған павлодарлық көлік салығын төлемей жүр
Төлеу мерзімі сәуірде өтіп кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салық төлеу мерзімі аяқталғанына қарамастан, өңірдегі 14 мыңға жуық көлік иесі әлі де берешегін өтемеген.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Увалиевтің айтуынша, бүгінде өңірде 147 мыңнан астам көлік иесі тіркелген. Олардың меншігінде 220 мыңнан астам автокөлік бар.
– Жалпы берешек шамамен 900 миллион теңгені құрайды. Өткен жыл үшін салық төлеу мерзімі бірінші сәуірде аяқталды. Екінші сәуірден бастап барлық борышкерлерге берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарламалар жіберілді. Бұл ретте күн сайын өсімпұл есептеледі. Қолданылып жатқан шараларға келсек, салық бұйрықтары жеке сот орындаушыларына жолданды, – деді Арман Увалиев.
Мемлекеттік кірістер органдары берешегі бар азаматтарға қатысты түрлі шара қолданады. Жеке сот орындаушылары және полициямен бірлесіп, «Кибер-Шериф» және «Оракул-Қорғау» кешендерінің көмегімен 118 рейд өткізілді. Нәтижесінде 553 борышкер жалпы сомасы 85 миллион теңге болатын берешегін өтеді.
– Салық төленбеген жағдайда полиция көліктерді айып тұрағына жеткізеді. Жақында екі автокөлік айып тұрағына қойылды. Оның бірінің иесі шамамен бір миллион теңге берешегін өтегеннен кейін көлігін қайтарып алды. Екінші көліктің де қарызы шамамен бір миллион теңге болған. Екеуі де жол талғамайтын көліктер. Кейбір көлік иелерінің берешегі 5–6 миллион теңгеге дейін жетеді, оған қоса өсімпұл есептеліп жатыр, – деді Арман Увалиев.
Маманның айтуынша, тұрғындар салық төлемеуінің ең жиі себептері ретінде ұмытып кетуін және уақыттың тапшылығын атайды. Алайда көп жағдайда көлік иелері рейд барысында «ұсталғаннан» кейін ғана салық бойынша берешегі бар екенін еске түсіреді.