Павлодарда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігі талқыланды
Заңды тұлғаларға арналған комиссия құру қажеттілігі туралы сөз қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен тауарларды қайта өңдейтін кәсіпорындарды субсидиялау мәселесі талқыланды.
Кездесуде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы және осы кеңестің барлық басқа секторларының мәселелері талқыланды.
- Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бизнестің қарсы міндеттемелерімен «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ базасында импакт-инвестицияларды дамыту қажет. Оның ішінде республикалық немесе жергілікті бюджеттен заңды тұлғалар үшін 2,5 пайызбен кредит беру түріндегі жобаларды айқындау бойынша комиссия құру қажет және оған өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңес мүшелерін қосу керек, - дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында.
Отырыс барысында шаруаларға өңірдің ет шаруашылықтары үшін ірі қара мал басына жұмсалған шығынды өтеу, ақбөкендердің ауыл шаруашылығы алқаптарын таптау мәселесі және балық шаруашылықтары мәселелері көтерілді.