Павлодарлық университет ауылдан келген талапкерлер үшін 50 қосымша грант бөледі
Ауыл жастары облыс аудандарында сұранысқа ие 18 білім беру бағдарламасы бойынша тегін оқи алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ИнЕУ-де «Жарқын келешек» бағдарламасы іске қосылды. Аталмыш жоба аясында ауыл жастары Павлодар облысының жетекші университеттерінің бірінде тегін білім ала алады. Білім беру гранты толық оқу кезеңін қамтиды.
– Біз өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді, әсіресе осындай қиын уақытта сапалы білім алуға және туған ауыл мен ауданның өркендеуіне үлес қосуға ұмтылатын ауылдық жерлерден келген талантты және бастамашыл жастарды қолдағымыз келеді, – дейді Инновациялық Еуразия университетінің ректоры Гүлвира Мұсабекова.
Оның айтуынша, аталмыш гранттар жоғары білімге қол жеткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, білімді және ынталы мамандарды тарту арқылы ауылдық өңірлердің дамуына ықпал етуге көмектеседі. ИнЕУ қаражаты есебінен мамандар даярлау туралы меморандумдар Павлодар облысының әр ауданының әкімдіктерімен жасалады. Білім беру гранттары әкімдіктер жанындағы конкурстық комиссиялар отырысының нәтижелері бойынша беріледі. Негізгі тапсырыс берушілер аудан әкімдігі болып табылады.
– Білім беру гранты стипендия төлемей бөлінеді. Бағдарламаның шарттары бойынша диплом алған мамандар оқудан кейін аудандары бойынша жұмысқа орналасуға тиіс, – дейді спикер.
2024 жылғы ҰБТ сертификаты, тиісті балл мен бейіндік пәндердің жиынтығы бар мектеп түлектері білім беру грантының үміткерлері бола алады.
Аталмыш грант «Экология», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану», «Ветеринариялық санитария», «Аударма ісі», «Филология», «Психология», «Робототехникалық жүйелер», «Машина жасау», «Жылу энергетикасы, «Автоматтандыру және робототехника», «Кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің электр жабдықтары және электр шаруашылығы», «Металлургия», «Электр энергетикасы» мамандықтары бойынша бөлінеді.
Сондай-ақ, білім алушылар ИнЕУ-нің академиялық стандарттарын сақтауы керек және толық оқу курсынан сәтті өтуге міндетті. Академиялық стандарттарды бұзу қаржылық қолдауды тоқтатуға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, білім алушылар қоғамдық өмірге, ИнЕУ еріктілер жобаларына белсенді қатысуы шарт.
Айта кетейік, ИнЕУ білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін үміткерлер ЖОО-ның қабылдау комиссиясына жүгініп, 2024 жылғы 15-24 тамыз аралығында Ломов көшесі, 45 мекенжайы бойынша оқу орнына түсу үшін құжаттарды тапсыруы қажет.
Конкурсқа қатысу туралы толық ақпаратты ИнЕУ қабылдау комиссиясының @ineuofpage инстаграм парақшасынан, 8 (700) 956 98 91, 8 (775) 034 00 10 байланыс телефондарынан алуға болады.