Павлодарда этнос жастары арасында тіл байқауы өтті
Тіл сайысының жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілішісі.
Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Мемлекеттік тіл-тәуелсіздік символы» тілдер байқауы өтті.
– Аталған байқау өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қолданылу аясын кеңейту және әлеуметтік рөлін арттыру, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды, – деді басқармада.
Байқау төрт кезеңді құрады. Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар өз өнерлерін көрсетсе, екінші кезеңде ұсынылған мақал-мәтелді жалғастырды, ал үшінші кезеңде Отан, туған жер, салт-дәстүр, белгілі тұлғалар тақырыптарында сөз саптады. Тіл байқауының соңында қатысушылар оларға берілген сұрақтарға жауап берген еді.
Тіл конкурсының нәтижесі бойынша I жүлделі орынды Павлодар қаласының үміткері Инга Гросс иеленсе, II орынға Екібастұз қаласының қатысушысы Владислав Мафтей және III орынға Ақсу қаласының үміткері Альфина Масугутова лайықты деп танылды.
Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кету керек, конкурс тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырлды.
Фото: Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұсынды