Павлодарлық жігіт Том Крузбен бірге Голливудты бағындырды

Павлодарлық жігіт Том Крузбен бірге Голливудты бағындырды
Фото: Игорь Карпович

Ол биіктіктен бетонға құлап, Кариб теңізінің акулалары арасында жүзіп шықты. Бұл – оның голливудтық кинодағы экстремалды рөлдерінің бір бөлігі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Голливудқа қадам басқан жасөспірім

Игорь Карпович Павлодарда туып-өсті. Оның балалық шағы Сапаржай ауданында, Дерибас (қазіргі Сурағанов) пен Лермонтов көшелерінің қиылысында өтті. Ерте жастан ол футбол, коньки, жүзу, көшеде қарапайым акробатикаға қызықты. Ал «көше заңдарымен» танысқаннан алғаш танысқаннан кейін боксқа бет бұрды. Сол кезде көше баласы бір күні әлемдік кино жұлдыздарымен бірге түсетініне ойланбаған еді.

– Спорттағы жетістіктеріммен әрдайым ерекшеленіп, құрдастарымнан дағдыларды меңгеруде және жарыстардағы нәтижелеріммен озық болдым. Он жасымда №1 олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде акробатикамен айналыса бастадым. Дәл осы спорт мені болашақта Голливуд киносының кәсіби каскадёріне айналдырды. Қазіргі ұрпақты жаттықтыруды жалғастырып келе жатқан ұстазым, ғылым докторы Евгений Бронскийге шексіз алғысымды білдіремін, – дейді павлодарлық.

Акробатикадан - киноға

Игорь – акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бодибилдингтен Қазақстан чемпионы және «Дю Солей» циркінің әртісі. Бүгінде ол әлемдік кинода еңбек етеді. Павлодарлықтың айтуынша, киноға ол кездейсоқ келген жоқ, арманына сенімді түрде қадам басты.

– Қазір мен Ұлыбританияда жұбайым және екі баламмен бірге тұрамын. Өмірлік серігімнің идеясы мені шабыттандырып,  кино әлеміне  бағыттады. Түсірілім алаңына шығу үшін маған Ұлыбританияның кәсіби каскадёрлер гильдиясына тіркелу сынақтарынан өту қажет болды, – деп бөлісті Игорь.

Жеті сынақты тапсырғаннан кейін спорттық дағдаларын арттыру қажет болды. Игорь арманына қол жеткізу үшін таэквондодан қара белбеу иегері атанып, гимнастика мен жүзуді игеруге тура келді. Кастинг барысында халықаралық төрешілер алдында он метрлік мұнарадан түрлі акробатикалық трюктерді орындауға, сондай-ақ батуттағы жұмыс техникасын үйрену мақсаты да қойылды.

 «Дю Солей» циркі: тәуекел мен шеберлік мектебі

– Әрине, театр, драма және кинодағы тәжірибем де көмектесті. Оны мен әйгілі «Дю Солей» циркінің әртісі болған кезімде жинақтадым. Бұл ерекше кезең еді: әлемдік ареналардағы қойылымдар, әлемнің ең үздік акробаттары мен әртістерімен бірлескен жұмыс, күнделікті жаттығулар және мінсіз деңгейге жеткізілген қауіпті трюктер. Сынақтарды тапсырғаннан кейін мені Ұлыбританияның үздік каскадёрлер тізіміне енгізді. Бүгінде бұл тізімді Paramount Pictures, Warner Brothers, Disney және басқа да көптеген компаниялар қарап, киноға таңдайды, – дейді әртіс.

Павлодардан Paramount-қа дейін

Қазір Игорьді шытырман оқиғаларға толы каскадёрлік фильмдерден көруге болады. Ол динамикалық боевиктерімен танымал Джейсон Стэтхэм, драма мен экшнді үйлестірген Райан Гослинг, Шерлок пен Доктор Стрэндж рөлдері арқылы әйгілі болған Бенедикт Камбербэтчпен, «Матрица» мен «Джон Уиктің» культтік кейіпкері Киану Ривзбен бір алаңда жұмыс істеді. Оның тізімінде сондай-ақ «Оскар» иегері және экшн фильмдерінің жұлдызы Николас Кейдж, әлемдік кино аңызы Энтони Хопкинс және драмалық әрі шытырман рөлдерімен танымал Джейк Джилленхол бар.

Игорьге көбінесе қылмыскер, сарбаз немесе күзетші образдары беріледі. Бірақ дәл осы рөлдер оған шеберлігін көрсетуге және әр трюк пен әр сахнасы жоғары кәсібилікті талап ететін ауқымды қойылымдардың бір бөлігі болуға мүмкіндік ашты.

Том Крузбен бірге киноға түскен сәт

– Алғашқы рөлім «Миссия орындалмайды. Соңғы есеп айырысу» фильмінде болды. Бұл – культтік экшннің соңғы бөлігі. Қатаң кастингтен кейін Том Круз және Хэйли Этвеллмен бір алаңда болу бақыты бұйырды. Көп трюкті өзі орындайтын әрі ұсақ-түйекке аса талапшыл Том менің сахналарымды бірнеше рет пікірлеп, орындауым үшін мақтады. Ол кезде бұл нағыз арман секілді көрінді, – деп еске алады әртіс.

Кристофер Маккуори түсірген «Миссия орындалмайды. Соңғы есеп айырысу» фильмінде басты рөлді Том Круз сомдады, ал Игорь оққағар бейнесінде болды.

Өткен жылы жарық көрген бұл фильм культтік франшизаның шарықтау шегі болды. Сюжет бойынша жасанды интеллект Entity адамзатты жоюға дайындалып, біртіндеп әлем державаларының ядролық арсеналдарын бақылауға алады. Итэн Хант пен оның командасында Entity-дің бастапқы кодын сақтайтын құрылғыны табуға небәрі 72 сағат қалады. Ол құрылғы Ресейдің суға батқан «Севастополь» атты сүңгуір қайығында жасырылған, ал оны табу – ғаламдық апаттың алдын алудың жалғыз жолы.

ЖИ және адамзат

Бұл бөлім ауқымымен және шиеленісімен ерекшеленеді: Том Круздың классикалық трюктері мен жасанды интеллект тақырыбының үйлесуі фильмді көріністік экшн емес, қазіргі қорқыныштар мен сын-қатерлердің айнасына айналдырады.

Сонымен қатар, Игорьге ең үлкен рөл бұйырды, ол – «Road House 2» фильміндегі жауынгер бейнесі. Премьерасы келесі жылы жоспарланған картинаның түсіріліміне UFC-дің Майкл Пэйдж, Дастин Порье, Тайрон Вудли, Стивен Томпсон сияқты және октагонның басқа да аңыздары қатысты.

Том Крузбен жеке әңгіме

Pavlodarnews.kz тілшісі павлодарлықтан әлемдік жұлдыздармен бір алаңда түсу сәттері туралы сұрады.

– Әр кино кейіпкері өзінше есте қалады. Бәрі өз ісінің кәсіби мамандары. Кейбірімен сөйлесуге мүмкіндік болады, кейді болмайды. Бірақ, мұндай тәжірибеден кейін жинақтаған тәжірибең мен эмоция ұзақ уақыт сақталады. Бірде дайындықтардан соң ең күрделі трюктерді өзі орындайтын әрі команда жұмысына мұқият қарайтын Том Круз маған жеке жүргізушісі мен күзетшісімен бірге студияға дейін баруды ұсынды. Сол жерде онымен жеке сөйлесу құрметіне ие болдым. Ал біз көліктен бірге шыққанда, көпшілік маған назар аударды. Осылайша, бұл сәтті жұртшылық ұзақ уақыт есте сақтап қалды. Сондай-ақ, маған Гай Ричидің фильмінде жұмыс істеу бақыты бұйырды, онда мен Бенедикт Камбербэтчпен атыс сахнасында албандық қылмыскерді сомдадым, – деп еске алады Игорь.

Жоспарлар мен армандар

Игорь жоспарларына ерекше ықыласпен қарайды, оларды көпшілікке айтуды қаламайды.

– Мақсаттар мен жоспарларды жақын адамдарымнан басқа ешкімге айтпаймын. Олар маған шексіз сеніп, қолдайды. Егер мен армандарым туралы бала кезімде, айтсам, жұрт мені мазақтап, арманымды күл-талқан етуі мүмкін еді, – деп әзілдейді әртіс.

Белгілі картиналардағы рөлдері

Игорь әлемге танымал бірнеше фильмді атады: режиссер Кертис Джексон (50 Cent) түсірген «Территория битвы», онда ол албандық гангстерді ойнады. Джордж Клунидің «Агентство» фильмі, онда оған орыс сарбазының рөлі берілді және басты рөлде Джейк Джилленхол ойнаған Илья Найшуллердің «Жол бойындағы үй 2» ремейкі, онда Игорь жүлде қоры үшін күрескен жауынгер бейнесінде шықты.

Actor Awards: әлемдік аренадағы мойындау

Сұхбат барысында Игорь Карповичке «Миссия орындалмайды: Финалдық есеп айырысу» фильміндегі каскадёрлер құрамында трюктерді шебер орындағаны үшін Actor Awards сыйлығында жеңіске жеткені туралы сертификат келді. Бұл оқиға оның жерлестерін экшнді қайта қарап, павлодарлықтың жарқын ойынын көруге ынталандырары сөзсіз.

Павлодарлық акробатика мектебінің түлектерінің тарихы Игорь Карповичтің өнер жолымен шектелмейді. Мәселен, биыл ақпанда Котенёвтер отбасы Монте-Карлода өткен беделді цирк әртістері фестивалінен «Күміс клоун» сыйлығымен оралып, екінші орынды иеленді. 48-ші фестивальді цирк әртістері үшін «олимпиада» және «әлем чемпионаты» деп атайды. Бұл – сахнаға шыққан әр цирк әртісінің арманы.