Павлодарлық жас фермерлер заманауи технологияларды белсенді енгізуде

Павлодарлық жас фермерлер заманауи технологияларды белсенді енгізуде
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар техникалық паркті жаңартып, өндірістің тиімділігін арттыруға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс-Баян өңірінде жаңа буын фермерлері көктемгі дала жұмыстарын атқарып қана қоймай, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлуде. Олар техниканы жаңартып, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырып, жер ресурстарын тиімді пайдалануға ұмтылуда.

Тәжірибелі шаруалардың айтуынша, жастар жаңа талаптарға тез бейімделіп, инновацияларды батыл енгізіп келеді. Соның нәтижесінде шаруашылықтарда заманауи техника саны артып, өндіріс тиімділігі жақсаруда.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржылық және техникалық қолдау да маңызды рөл атқарады. Шаруа қожалықтарының басшылары несие және лизинг бағдарламалары көктемгі егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Барлық жұмысты жоспарға сай атқарып жатырмыз. Техника уақытында жеткізілді. Қазір тағы төрт жаңа комбайн күтіп отырмыз, бәрі кестеге сәйкес жүріп жатыр, – деді «Ивановское» ЖШС директоры Александр Вильгельм.

Мамандардың пайымдауынша, биылғы егіс науқанында ауа райы мен топырақ жағдайы тұрақты бақылауды қажет етеді. Сондықтан диқандар егістіктің жай-күйін күн сайын қадағалап, жұмысты нақты жағдайға қарай реттеуде.

«Щербак» шаруа қожалығының басшысы Игорь Щербак алғашқы нәтижелердің көңіл қуантатынын айтты.

– Екі күн бұрын дәндік жүгері егілген болатын. Бүгін өскіндерді тексергенде шамамен үш сантиметрлік тамыр пайда болғанын көрдік. Бұл жақсы нәтиже деп есептеймін, – деді шаруашылық басшысы.

Теренкөл ауданында күнбағыс сияқты майлы дақылдардың үлесі артып келеді. Сонымен қатар нарық сұранысы мен өңдеу кәсіпорындарының қажеттілігіне қарай басқа да дақылдардың егіс көлемі кеңейтілуде.

Фермерлердің пікірінше, өңдеу өнеркәсібінің дамуы егіс құрылымына тікелей әсер етуде. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы шаруаларды сұранысқа ие дақылдарды көбірек өсіруге ынталандырып отыр.

Облыс әкімі Асайын Байханов соңғы жылдары егіс құрылымында айтарлықтай өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, күнбағыс пен зығыр секілді майлы дақылдарға қызығушылық артып, бидайдың үлесі біртіндеп азаюда.

– Қазір күнбағыс өсіруге белсенді түрде бет бұрып жатырмыз. Бұрын бидайдың үлесін арттыруға ұмтылсақ, бүгінде керісінше үрдісті байқап отырмыз. Барлық аудандар өндірісті көбейтіп жатыр, өйткені бұл тиімді бағыт. Өңдеу зауыттары да салынып жатыр. Алайда өңдеу қуаты шамамен 700 мың тоннаға жеткенімен, біз әзірге 500 мың тоннаға жуық өнім өндіреміз. Сондықтан бұл мәселе алаңдатады, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Сонымен қатар, агросектордың дамуына ғылыми сүйемелдеудің маңызы артып келеді. Аграрлар өндіріс тиімділігін арттыру және технологияларды жетілдіру үшін ғылыми мекемелер мен сарапшылардың кеңесіне жиі жүгінуде.

Айта кетейік, Тереңкөл ауданында биыл егіс алқабы 318 мың гектарды құрайды. Мұнда дәнді және майлы дақылдар арасындағы теңгерім сақталып, агросекторды әртараптандыру жұмыстары жалғасуда.