Ертіс өзеніне бекіре тұқымдас балықтар жіберілуде
Ол өзендегі балық қорын толықтыруға ықпал етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мәлімдеді.
Аталмыш жұмыс өңірдің су биоресурстарын сақтау және молықтыру жөніндегі іс-шаралар аясында жүргізілуде.
— Балық жіберу жұмыстары балық қорын толықтыруға, бағалы балық түрлерін сақтауға, Ертіс өзенінің экологиялық тепе-теңдігі мен биоалуантүрлілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы жылдың қазан айының соңына дейін Ертіс өзеніне орташа салмағы 2 келі болатын бекіре тұқымдас балықтардың бес мың данасын жіберу жоспарлануда. Балықтар өзенге кезең-кезеңімен жіберіледі, - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыс су биоресурстарын толықтыруға ықпал етіп, Ертіс бассейніндегі бағалы балық түрлерін сақтау және одан әрі көбейту үшін жағдай жасайды.