Екібастұзда Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер мәселесі қаралды
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Семей ядролық полигонының әсерінен зардап шеккен азаматтарға берілетін әлеуметтік және медициналық кепілдіктерді кеңейту мәселесі Екібастұз қаласында тұрғындармен өткен кездесуде көтерілді. Кездесуді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі, бұрынғы Семей ядролық полигоны мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы Жомарт Әлиев өткізді.
Май ауданының Көктөбе ауылының тұрғыны вице-министрге полигон әсерінен зардап шеккен азаматтарға арналған жеңілдіктер тізімін кеңейту жөнінде сұрақ қойды. Атап айтқанда, азаматтардың зейнеткерлік жасын төмендету және оларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі жеңілдік санатына енгізу мүмкіндігі сұралды.
Жомарт Әлиевтің айтуынша, зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тікелей құзыретіне кірмейді. Бұл мәселені шешуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар қатысуы қажет.
- Бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді. Мұнда кешенді тәсіл және бірнеше мемлекеттік органның шешімі қажет, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, мұндай ұсыныстарды қарау кезінде олардың әлеуметтік және экономикалық салдарын, соның ішінде қосымша жеңілдіктер мен төлемдердің бюджетке түсетін әсерін ескеру қажет. Кездесуде Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жеңілдік санатына қосу туралы да ұсыныс айтылды. Ол үшін МӘМС туралы заңның 26-бабына тиісті толықтырулар енгізу мәселесін қарау ұсынылды.
Жомарт Әлиев бұл мәселенің де ведомствоаралық жұмыс тобының алаңында қаралуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мәселе Денсаулық сақтау министрлігіне жолданып, уәкілетті органның нақты ұстанымы сұралады.
- Бұл мәселені жұмыс тобының алаңында қарауға болады. Біз осындай кездесуді ұйымдастырып, уәкілетті органнан жауап сұраймыз, — деді ол.
Вице-министр Экология министрлігі бұрынғы полигон аумағындағы экологиялық жағдайға қатысты мәселелермен айналысатынын, ал азаматтардың денсаулығына әсерін медициналық тұрғыдан бағалау мен медициналық сүйемелдеу Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне жататынын атап өтті.
Осылайша, әзірге зардап шеккен азаматтардың зейнеткерлік жасын төмендету немесе оларды МӘМС бойынша жеңілдік санатына енгізу жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Дегенмен тұрғындардың ұсыныстары ведомствоаралық жұмыс тобы деңгейінде қосымша қаралатын болады.
Кездесу барысында Екібастұз тұрғындары көмір үйінділерінің өздігінен тұтануы мәселесін де көтерді. Жомарт Әлиев бұл мәселенің көмір өндіретін өңірлер үшін өзекті екенін атап өтті. Кондицияға сай емес көмірдің үйінділерде ұзақ уақыт жатып, бықсуы атмосфераға зиянды заттардың таралуына әкеледі.
Вице-министр экологиялық бақылаудың жеделдігін арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Экологиялық заңнамаға енгізілетін өзгерістер күшіне енгеннен кейін инспекторлардың экологиялық заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету мүмкіндігі кеңейеді.
Кездесуден кейін Жомарт Әлиев Екібастұздың ірі көмір өндіруші кәсіпорындарының өкілдерімен бұл мәселені жеке талқылауды жоспарлаған. Сонымен қатар Екібастұзда экологиялық инспектордың штаттық бірлігін бөлу туралы шешім қабылданғаны айтылды. Вице-министрдің сөзінше, бұл өнеркәсіптік аймақтағы экологиялық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.