Павлодарлық жастар бос уақытын қалай өткізеді?
Өңірде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмелер ашылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде жастардың қызығушылықтары сан алуан. Бірі спортпен шұғылданса, енді бірі шығармашылық пен білімін дамыту бағыттарын таңдайды. Жас буын өкілдері үшін уақыттарын тиімді өткізудің маңызы арта түсуде.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы креативті жастармен жұмыс істеу орталығының инспекторы Аида Балтабаева жаз айларында жастардың бос уақыты көбейетінін айтады. Сонымен қатар, жастарды түрлі үйірмелер мен жобаларға тарту олардың жеке дамуына оң әсер етеді.
– Біздің орталықта жастар үшін тіл клубтары, шығармашылық бағыттар мен түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Мәселен, тіл бағыты бойынша - ағылшы және испан тілі, заманауи би бағыттары, жас сарбаз, 3D6 үстел ойындары, сондай-ақ аниме, косплей және жапон поп-мәдениетіне қызығушыларға арналған «Аматцуками» клубы бар. Шамамен 50 белсенді қатысады. Қазіргі таңда офлайн форматтағы кездесулер мен іс-шаралар маңызды, себебі тікелей қарым-қатынас жастардың дамуына оң әсер етеді. Жазға жаңа ұйымдарды ашу ойымызда бар, – деді ол.
Торайғыров университетінің үшінші курс студенті Айшабибі Алтынбектің ойынша, өңірде жастардың креативті даму үшін мүмкіндіктерді әлі де болса дамыту керек. Қазіргі таңда көптеген жас өз қабілетін дамытуға қызығушылық танытқанымен, олар үшін қолжетімді орта мен қолдау жүйесі әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр.
– Креативті хабтар, қолжетімді курстар мен нетворкинг орта аз. Негізгі мәселе – жастарда емес, оларды қолдайтын инфрақұрылымда. Онымен қоса, қалада шығармашылық студиялар, ашық алаңдар мен мотивациялық іс-шаралар санын арттыру қажет, – деді студент.
Осы орайда, әлеуметтік желілер жеке тұлғаның дамуына кері әсерін тигізетін жағдайлар бар. Бұл жағдай кейде сағатты тиімсіз пайдалануға арналған. Уақытты босқа өткізу туралы Павлодар жоғары медициналық колледжінің 3- курс студенті Алтынай Есенжол өз пікіріп айта өтті.
– Instagram мен TikTok-та уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын. Қалада жастарға арналған орындар аз, көбісі сауда орталықтарына немесе жағалауға барады. Негізі қаламызда спорт және мәдени орындарымыз көбейсе, жастар уақытын тиімді пайдаланар еді, – деді ол.
Павлодар жастарының бос уақытын тиімді өткізуі қаладағы мүмкіндік пен ортаға тікелей байланысты, ал қажетті жағдай жасалса, олар өз уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізеді.