Павлодарлық жауынгер әскери ант қабылдау рәсімінде сүйіктісіне сөз салды
Семей қаласында 200-ден астам жас сарбаз, соның ішінде жеті ару Отанға адал болуға ант берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Семей қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Биылғы салтанатты шара жылдағыдан ерекше сипат алды.
– Іс-шара барысында Отан алдындағы борышын өтеуге келген екі жүзден астам жас сарбазбен бірге жеті қыз әскери ант қабылдады. Олардың қатарында қатардағы жауынгер Жанерке Ахметова бар. Ол алдағы уақытта тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінде аға маман қызметін атқарады. Жас жауынгердің айтуынша, әскери ант қабылдау – өміріндегі маңызды әрі жауапты сәт. Ол батыр қыздар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігін үлгі тұтып, Отан алдындағы борышын адал атқаруға дайын екенін жеткізді, – деді ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылығының әскерилері мен ардагерлері қатысты. Олар жастарға ізгі тілектерін жолдады. Сап түзеген сарбаздардың мерейлі сәтіне ата-аналар қауымы да куә болды.
Шара барысында екі мерзімді әскери қызметші сүйіктілеріне сөз салды. Ұлттық ұлан сапына Павлодар облысынан шақырылған қатардағы Виктор Петров саптық алаңның ортасына шығып, сүйіктісі Анастасияға көпшіліктің көзінше өмірлік серігі болуға ұсыныс жасады.
– Әскери ант қабылдау – әр сарбаз үшін есте қалатын сәт. Ал дәл осы күні сүйіктіме ұсыныс жасап, оның келісімін алу – мен үшін үлкен бақыт. Настяны оқушы кезінен танимын. Алда құрған жоспарларымыз өте көп. Мен өмірлік жарымды бақытты ету үшін барымды саламын, – дейді қатардағы Виктор Петров.
Айта кетейік, Отан алдындағы борышын адал атқаруға ант берген жауынгерлер Алматы, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан әскерге шақыртылған. Алдағы уақытта мерзімді әскери қызметшілер Семей қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету қызметін атқаратын болады.