Павлодарлықтар үшін жаңа мүмкіндік: Мемлекеттік басқару академиясы қабылдауды бастады
Мемлекеттік басқару академиясы – еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі үшін жоғары деңгейдегі кадрларды даярлайтын жетекші оқу орны, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2025-2026 оқу жылына магистрлік модульдік бағдарламаларға құжат қабылдауды бастады. Мемлекеттік басқару саласында кәсіби дамуға ұмтылатын павлодарлық мамандар үшін бұл – біліктілікті арттырып, жаңа деңгейдегі басқарушылық құзыреттерді меңгерудің бірегей мүмкіндігі.
Өткен жылы 30 жылдығын атап өткен оқу орны кәсіби аппаратты қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
– Академия ұсынатын оқу бағдарламалары 12 айға есептелген және алты модульден тұрады. Әр модуль аяқталған сайын тыңдаушылар алған білімді тікелей жұмыс процесінде қолдана алады. Оқыту офлайн сессиялар мен онлайн сабақтардың үйлесімінде өтеді, – деді академияның Павлодар облысы бойынша филиалының өкілі Самал Жарғақова.
Академия екі бағыт бойынша қабылдау жүргізеді. Атап айтқанда, EMPA (Мемлекеттік басқару) – басшылық құрамдағы мамандар үшін. Кемінде екі жыл басшылық тәжірибе талап етіледі. MRD (Өңірлік даму) – аймақтық даму мәселелерімен айналысатын мамандарға арналған. Жалпы еңбек өтілі – кемінде екі жыл.
– Маңыздысы – бағдарламаларға түсу үшін ағылшын тілі міндетті емес, сондай-ақ жас шектеуі қойылмайды. Оқуға мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандары түсе алады, – деді Самал Жарғақова.
Қабылдау 30 қарашаға аралығында онлайн форматта жүргізіледі: admission.apa.kz платформасы арқылы.
Іріктеу екі кезеңнен тұрады: аналитикалық эссе (4–5 желтоқсан), сұхбат (4–5 желтоқсан). Соңғы үш жылда өңірден Академия магистратурасына түскендер саны тұрақты өсуде. 2023 жылы – 8 адам, 2024 жылы – 10 адам, 2025 жылы 10 адам оқуға түскен. Бұл Павлодар облысында мемлекеттік басқару саласына қызығушылықтың артқанын көрсетеді.