Павлодарлықтар бір уақытта мамандардан құқықтық кеңес алуға мүмкіндік алды
Шараға заңгерлер, қорғаушылар мен сарапшылар қатысып, өңір тұрғындарын толғандырған түрлі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін «Batyr Mall» сауда-ойын-сауық орталығында «Әділет кеңес береді» акциясы өтті. Іс-шараға әділет департаментінің қызметкерлері, нотариус, заң кеңесшісі және сот сарапшылары қатысты.
- Бұл шараның басты мақсаты – халыққа құқықтық түсіндіру және құқықтық көмек көрсету болып табылады. Шараны әділет департаменті, нотариалдық палата мен адвокаттар алқасы, жеке сот орындаушылар палатасы бірлесіп өткізіп отыр. Соңғы уақытта біз көбіне адам аяғы көп жиналатын қоғамдық орындарға, атап айтқанда сауда үйлері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге тырысамыз, - дейді әділет департаментінің бөлім басшысы Асқар Серғазинов.

Айтуынша, «Әділет кеңес береді» акциясы павлодарлықтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға әрі білікті мамандардан құқықтық көмекті тегін алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Мәселен, «Павлодар облыстық аймақаралық міндетті орындау бөлімшесінің» аға сот орындаушысы Аслан Байзақова қала тұрғындарына AdiletGov мобильді қосымшасын таныстырды. Оған электрондық кабинет арқылы өтініш беріп, тіркеліп, іс материалы мен орындау өндірісіне онлайн режимде қол жеткізуге болатынын айтады. Орындаушылар белгіленген мерзімде толық және нақты жауап беруге міндетті. Айтуынша, өтініштерді қарау мерзімі 15-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылған.
- Егер жеке сот орындаушы бес күн ішінде жауап бермесе немесе қарау мерзімін бұзса, оған жоспардан тыс бақылау басталады. Алдымен жеке орындаушылардың өңірлік палатасы қосылады. Палатадан реакция болмаған жағдайда жоспардан тыс бақылауды облыстық әділет департаменті жүргізеді, - дейді ол.
Сонымен қатар, нотариат қызметтерін қашықтан ұсынуға мүмкіндік беретін цифрлық платформа енгізілген. Онлайн форматта бейнебайланыс арқылы сенімхаттар, келісімдер мен келісім-шарттарды рәсімдеуге болады. Бұл шаралар әділет жүйесінің жалпы цифрлық трансформациясының бір бөлігі болып табылады.
Құқықтық қауымдастық өкілдері осындай іс-шараларға қатысудың ерікті негізде жүзеге асатынын атап өтті.
Ал құқықтық кеңесші Әлімбек Ағыбаев мұндай кәсіби көмек азаматтық, отбасы, салық және басқа да істер бойынша жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетінін, тек қылмыстық істерде кеңесшілер материалдық талаптар бойынша зардап шеккендердің мүддесін қорғайтынын айтады.
- Біздің қызметте ең жиі қойылатын сұрақтар қатарында отбасы құқығы, мүлікті бөлу, тұрғын үй-коммуналдық қатынастар, салық және кәсіпкерлік қызмет бар, - дейді ол.
Сот сараптамасы институтының сарапшылары да акцияға қатысып, сот сараптамалары тек қылмыстық істер бойынша ғана емес, азаматтық істер бойынша да жүргізілетінін түсіндірді.
Ал Павлодар облысының нотариат палатасының нотариус Гүлмира Сенкебаева мұндай іс-шараларға жиі шақырту алатынын айтады.
- Әр кезде түрлі орындарда өтетіні қынжылтады. Менің ойымша, мұндай игі шаралар ай сайын белгілі бір күні нақты уақытта ұйымдастырылса тиімді болатын еді. Тұрғындар кеңес алу үшін кездейсоқ емес мақсатты түрде келетін еді, - дейді нотариус.
Сонымен қатар, кеңес беру үшін тұрақты орын белгілеуді ұсынды. Яғни әр сенбі сайын ұйымдастырылатын «Жайлау жәрмеңкесі» қағидаты бойынша ұйымдастырылса, жұмыс жүйелі түрде жүретініне сенімді.
Мұндай шара алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.