Павлодарлықтар күзде Ертіс өзеніне суға түссе, айыппұл төлейді

Павлодарлықтар күзде Ертіс өзеніне суға түссе, айыппұл төлейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шомылу маусымы ресми түрде жабық деп жарияланды, сондықтан суға түсуге рұқсат жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбайдың сөзінше, күз мезгілінің басталуымен су айдындарына баратын және жүзу құралдарын пайдаланатын балықшылар мен аңшылардың саны жыл сайын артып келеді. 

– Жылдың бұл уақытында суға бату және суда жазатайым оқиғалардың  орын алу қаупі жоғарылайды. 31 тамызда шомылу маусымы аяқталды. Жағалауда жабдықтар алынып тасталды. Яғни, бүгінде шомылуға рұқсат етілген орындар жоқ, – деді Темірлан Жапалбай. – Егер адамдар орталық жағажайда суға кіріп шомылса, бұл қауіпсіздік ережелерін бұзу деп саналады. 

Аталмыш бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылады. Ережені бұзған тұрғын ұсталса, ҚР ӘҚБтК-ның 412-бабы бойынша – 7 АЕК, атап айтқанда, 25 844 теңге айыппұл төлейді. 

– Бізде шомылу маусымы кезеңдегідей күзгі маусымда да профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде рейдтер жалғасады. Суға түсу фактілері анықталған кезде азаматтарға әкімшілік хаттама толтырылады, – деп атап өттті Темірлан Жапалбай.

Еске сала кетейік, биыл суда көз жұмғандардың саны екі есе артқан. Шомылу маусымында 11 адам суға батты.