Павлодарлықтар мопедтерін қалай тіркей алады?
Бұл көлік түрін құжатсыз жүргізуге қатаң тыйым салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер ресми түрде көлік құралы болып саналады. Сондықтан оларды тіркеу қажет болады.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, тіркелу үшін жеке куәлік, техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары сияқты құжаттармен тұрғылықты жеріңіздегі арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласуыңыз қажет. Осыдан кейін өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, мемлекеттік баж салығын төлеуіңіз керек.
Мопедті одан әрі пайдалану үшін полицияда тіркелу, А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық байқау және азаматтық жауапкершілікті сақтандыру құжаттары қажет болады.
Айта кетейік, 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға тыйым салынады.