Павлодарлықтарды қаржылық қауіпсіздік диктантына шақырды

Павлодарлықтарды қаржылық қауіпсіздік диктантына шақырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қатысушылар алаяқтықтан қорғану және жеке деректерді сақтау туралы білімдерін тексере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындарды Республикалық қаржылық қауіпсіздік диктантына қатысуға шақырады. Білім сынағы 23 қарашадан 4 желтоқсанға дейін онлайн форматта өтеді.

Диктант қаржылық сауаттылықты арттыруға, алаяқтық схемаларды ажыратуға және жеке деректерді қорғау дағдыларын тексеруге бағытталған. Сондай-ақ қатысушылар кредиттер мен инвестицияларға қатысты сұрақтарға жауап береді.

– Диктант 20 сұрақтан тұрады. Оларды орындауға 25 минут беріледі. Тапсырмалар қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Білім сынағына 6–11-сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, ересек азаматтар және қаржылық мониторинг субъектілері қатыса алады. Диктантқа қатысу үшін afm2026.kz сайтына кіру қажет.

Ұйымдастырушылар бұл бастама азаматтардың қаржылық қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыруға және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталғанын атап өтті.