Павлодарлықтарды цифрлық өнер көрмесіне шақырды

Павлодарлықтарды цифрлық өнер көрмесіне шақырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көрмеде Торайғыров университетінің студенттері өз жұмыстарын ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Олардың қатарында Жансая Аманқосова, Аймекен Қартжанова, Тоқтамыс Манарбекұлы және Асемай Мұратбаева бар.

Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Мәдениеттану» мамандығының студенттері өз жұмыстарында өнердегі тәңірлік мотивтер, олардың дәстүрлі және заманауи интерпретациялары, сондай-ақ рухани мәдениетті сақтау мәселелерін көтереді. Қатысушылар бейнероликтер, мультимедиялық жобалар мен авторлық презентациялар арқылы рухани мұра мен дәстүрлердің заманауи көрінісін ұсынады.

– Музей кеңістігі бұл күні ғылым, өнер және жастар бастамалары тоғысатын алаңға айналады. Студенттер үшін бұл көрме өз жобаларын көпшілікке таныстыруға, көпшілік алдында сөйлеу тәжірибесін жинауға және музей қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді, – дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – жастардың шығармашылық бастамаларын қолдау, цифрлық өнерге қызығушылықты арттыру және дәстүрлі мәдениет пен заманауи технологиялар арасындағы байланысты нығайту.

Көрме 19 наурыз күні сағат 12:00-де Н. Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде өтеді.