Павлодарлық ардагер салауатты өмір салтының формуласымен бөлісті
Ол зейнет жасына шықса да, спортты тастамаған, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының скандинавиялық жүріс жаттықтырушысы, шекара қызметінің ардагері, 48 жастағы спорт шебері Айбек Жөтеков. Ол 30 жылға жуық Қазақстанның шекара қызметінде еңбек етіп, бір жарым жыл бұрын зейнеткерлікке шығып, бүгінде өмірін тек спортпен, қозғалыспен және адамдарға пайдалы болумен байланыстырып отыр.
Ол – салауатты өмір салтын ұстанатын жан. Жас кезінен бастап спортқа ден қойып, шекара қызметінде жүріп-ақ жоғары жетістіктерге жеткен.
– ТМД чемпионаттарының жеңімпазымын. Алматы, Астана марафондарында жүлде алдым. Облыстың жеңіл атлетика және президенттік көпсайыс құрамасының мүшесі болдым. Спорт менің табиғи өмір салтым, – дейді ол.
Оның айтуынша, зейнетке шыққан соң да спорттан алыстамаған. Алдымен ұзақ өмір сүру орталығының жеңіл атлетика клубына тіркеліп, кейін соның ішінде скандинавиялық жүріс клубында жұмыс жасауға ұсыныс түсіп, жаттықтырушы болып бекітілген.
– Скандинавиялық спорт түрі ол бұлшық етке арналған жатығулар түрі. Бұл ата-әже, немесе буындары ауыратын адамдарға жақсы көмегін тигізеді. Ең алдымен адамды қозғалысқа келтіріп, буындарын икемге келтіріп алу қажет, – деп бөлісті ол.
Жаттығуды бастауға қорқатын, буындары ауыратын жандарға ол әрқашан жеңіл тапсырмалар береді.
Спортшы жылына он екі ай далада жаттығу жасайды. Залға тек ерекше жағдайларда ғана кіретінін айтады.
– Мен жаттығу жасағанда даладағы ең төменгі температура -36 °C болды. Бірақ жаттығуға келгенде бәрі есеппен жүреді. Усолка шағын ауданында, шаңғы базасындағы жылы жерге барып, ыстық шайымызды қалдырып жаттығамыз. Киімді де үйден емес, жылы жерде ауыстырып шығамыз, – дейді ол.
Айбек Жөтеков күн сайын орта есеппен екі сағат спортпен шұғылданады. Оның ең басты шұғылданатын спорт түрлері – жүгіру мен жүзу. Алайда күштік жаттығулар болмаса, пайдасы азаятынын алға тартты. Бұл дәлелденген факт.
Оның айтуынша, науқас адамдар да төсектен-ақ жаттығу бастай алады. Алдымен мойын, қол, саусақ, аяқ буындарын созудан бастауға кеңес береді. Ал өз аяғымен қозғалатындар үшін бөлме ішінде жүріп, отырып-тұру жаттығуын жасаудың өзі жеткілікті. Уақытты біртіндеп көбейтіп, бес минуттан 30-60 минутқа дейін жеткізуге болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда жаттықтырушы қарайтын топта қазір 50-ден астам ата мен әже бар.