Павлодарлық ардагерлер шаңғымен жарысып, талайды таңдай қақтырды

Павлодарлық ардагерлер шаңғымен жарысып, талайды таңдай қақтырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Шаңғы жарысы Усолка базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жарыс бұрынғы жарыстардан өзгеше. Себебі қатысушылар өз жастарына қарамастан тартысты бәсеке көрсетуге сақадай сай келген. Олар толықтай спорттық киім киіп, жарыс алаңына сенімді түрде шығып, салауатты өмір салтының жасқа байланысты шектеуі жоқ екенін дәлелдеді.

Спортшыларға арнап құттықтау сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің спорт жөніндегі комиссия төрағасы Талғат Мамашев қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың республикалық деңгейде өңір намысын қорғайтын үздіктерді іріктеудегі маңызы зор екенін атап өтті.

Жарыстың бас төрешісі Виктор Бондарь Павлодар облысының ардагерлері елдегі ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп жүргенін айтты.

– Қазақстанда спорттың барлық түрі бойынша біздің облыс ардагерлері ең жоғары жетістіктерге ие. Олардың кейбірі егде жаста болса да, нәтижелері жоғары. Өйткені, «дені саудың – жаны сау», – деді ол.

Қатысушылардың айтуынша, олар өз үлгілері арқылы жастарды спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырғысы келеді.

Жарыс ережесіне сәйкес, әр командада жас ерекшеліктеріне сай екі әйел және екі ер адам өнер көрсетті.

61–69 жас аралығындағы әйелдер арасында 3 шақырым қашықтықта классикалық стильде бірінші орын Н. Алиповаға бұйырса, екінші орынға – А.Қалқамбекова ие болды. Ал үшінші орын – С. Хакимованың еншісінде.

70 жастан жоғары санатта Г.Жукова жеңімпаз атанды. Екінші орын Л. Носоваға, үшінші орын Н. Чебанға бұйырды.

63–69 жас аралығындағы ерлер арасында бірінші болып мәреге В. Попошев жетті. Екінші орын – С. Пахомов, үшінші орын Ю. Дьячковтің еншісінде.

70 жас және одан жоғары санатында Ю. Шелепов жеңімпаз атанды. Екінші орын – Р. Хисматуллин, үшінші орын Г. Омельницкийде.

Командалық есепте бірінші орынды ЦАД командасы, екінші орынды АО «АК», ал үшінші орынды 6-ықшамаудан командасы иеленді.

Жарысқа қатысушылар ұйымдастырушыларға – бас төреші Виктор Бондарь мен төрешінің көмекшілері Екатерина Серегина және Сейтботал Успановқа алғыс білдірді.

– Алдағы уақытта бұдан да жақсы болады деп ойлаймын. Біз өзімізді таныттық, мұндай жаппай спорттық іс-шараларды республикада алғашқылардың бірі болып өткізіп отырмыз. Енді көптеген ардагерлер жеңіс үшін ғана емес, қозғалыс пен достармен араласу үшін де дайындалып, қатысатын болады,– деді Сейітботал Оспанов.

Жарыс соңында бас төреші ардагерлерді алдағы уақытта пневматикалық қарудан ату жарысына дайындық күтіп тұрғанын атап өтті.

Фото: Ұйымдастырушылардан.