Баянауылда жүргізуші психотроптық заттардың әсерімен көлік басқарған
Түрлі бұзушылықтар үшін 48 автокөлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, облыс жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Аймақ аумағында жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Қауіпсіз жол» республикалық профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Жол қозғалысын қадағалауды жүзеге асыру кезінде жол жүру ережелерін өрескел бұзуға ерекше назар аударылды.
Аталмыш жұмыс басталғаннан бері жол жүру ережелерінің 1570 бұзушылығының жолын кесті, оның ішінде: жылдамдықты асырғаны үшін – 702; жаяу жүргіншілердің жолдың жүру бөлігін өту ережелерін бұзғаны үшін – 144; жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін – 54; жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін – 39; бағдаршамның тыйым салу сигналына жолды өткені үшін – 27; апаттық жағдай жасағаны үшін – 16 бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, мас күйінде көлікті жүргізгені үшін 21 жүргізуші жазаланды.
– Мысалы, Баянауыл ауданының Қалқаман-Керней автожолында ВАЗ автомашинасының жүргізушісі ұсталды. Ол куәландыруға сәйкес ауыр дәрежедегі мас күйінде және психотроптық заттардың әсерімен болған. Осы бұзушылықтар үшін жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды. Көлік құралдары мамандандырылған тұраққа қойылды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.
Сонымен қатар, Ертіс ауданында да осындай бұзушылықтар орын алды. «Солоник» маркалы мотоцикл жүргізушісі мас күйінде көлік жүргізсе, Ақсу қаласында ВАЗ-2106 автомашинасының жүргізушісі есірткіге мас күйінде рөлге отырды. Павлодарда Ткачев көшесінде Тойота Камри авто жүргізушісі де мас күйінде болды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алдағы уақытта тәртіптері сотта қаралады. Көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Айта кетейік, полиция аймақ тұрғындарының назарын жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіздікті ескеруге, сондай-ақ заңды талаптарды сақтауға аударады.