Павлодар облысының үш ауданында сайлау учаскелері ашылды
Ақтоғай, Шарбақты, Железин аудан әкімдерінің тікелей сайлауы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан тұрғындары таңғы сағат жетіден жергілікті сайлау учаскелеріне барып, аудан әкімін еркін түрде таңдай алады. Дауыс беру жалпы 87 сайлау учаскесінде өтіп жатыр. Олар тоғыз кандидат үшін дауыс беруге құқылы.
Ақтоғай ауданында 28 сайлау учаскесі ашылды. Сайлаушылар саны 8480 адамды құрайды. Оның ішінде 108 тұрғын алғаш рет дауысын береді. Ақтоғай ауылында тұрғын саны бойынша төрт ірі сайлау пункті бар. Ал ең алыс жатқан Шолақсор ауылы аудан орталығынан 164 шақырым жерде орналасқан.
Железин ауданында 33 жерден дауыс беруге болады. Сайлаушылар саны – 10 443 адам, оның ішінде 97-сі алғаш рет сайлауға қатысады. Железин ауылында ең ірі үш сайлау учаскесі ашылды. Аудан орталығынан 135-140 шақырым жерде ең алыс орналасқан – Красновка мен Озерное ауылдарында да сайлау учаскелері бар.
Шарбақты ауданына 26 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Аудан бойынша 12 897 сайлаушы бар. Шарбақты ауылында бес ірі сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады.
Еске сала кетейік, Железин ауданында – төрт, Ақтоғайда – үш және Шарбақты ауданында екі кандидат тіркелді.