Павлодарлық балабақшаларда тәрбиешілер жетіспейді
Жалақының төмен болуы салдарынан балабақшаларда жұмысшылар тапшы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Білім беруді дамытудың инновациялық орталығының әдіскері Ләззат Серікбаеваның айтуынша, қалалық мектепке дейінгі мекемелерде бос жұмыс орындары көп. Балабақшаларда тәрбиешілер мен көмекшілер жетіспейді.
– Педагогикалық кадрлардың тұрақтамауы байқалады. Жас тәрбиешілер кішкентай балалармен және ата-аналармен жұмыс істеуге шыдамайды. Мысалы, колледжді бітірген түлек қолына 130 мың теңге алады. Осының барлығы маман тапшылығына әкеледі. 2020 жылдан бастап жалақының біртіндеп 25%-ға өсуі байқалды. Алдағы қыркүйектен бастап еңбекақының өсуін күтіп отырмыз, – деді спикер.
Павлодар облысындағы тәрбиешілер күнделікті 12 сағат жұмыс істейді. Үлкен қалаларда балаларды балабақшаға таңғы жетіде әкеліп, кешке жетіге қарай алып кетеді.
Облыстың мектепке дейінгі мекемелерінде үшінші педагог қызметін енгізу жоспарда болған. Екеуі әдеттегідей жарты күн жұмыс істесе, үшіншісі күні бойы топта болады. Бірақ кадр тапшылығы салдарынан пилоттық жоба жүзеге аспады.
Тәрбиешінің көмекшілерінің жағдайы бұдан да қиын. Олар күні бойы балалармен бірге болады әрі тәрбиешіге оқу процесінен басқасының бәрінде көмектеседі.
– Тәрбиешіні алмастыратын адам болмаса, екінші ауысымда жұмыс істейді. Осылай жағдайдан шығуға тура келеді, – дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанат Асайынова. – Дегенмен көмекшілермен мұндай әдісті қолдана алмаймыз. Олар қолдарына тек қана 80-90 мың теңге алады. Қызмет көрсетуші қызметкерлердің өте төмен жалақы алуы – үлкен мәселе.
Облыс орталығында 85 мектепке дейінгі ұйымға 17 мыңнан астам оқушы барады.
Әсия Серікова