Ақсуда электр станциясының мерейтойына орай 55 энергетик баспаналы болды

Ақсуда электр станциясының мерейтойына орай 55 энергетик баспаналы болды

Кәсіпорын басшысы жұмыскерлерге көптен күткен пәтерлердің сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында энергетиктердің кәсіби төл мерекесі мен «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станцисының 55 жылдығына орай «Бірлік қуаты – Энергия единства» салтанатты іс-шарада талай жылдар еңбек еткен адал әрі үздік жұмыскерлер марапатталды. Мерекелерді ақсулықтармен бірге энергетикалық дивизион болып алғаш рет  Павлодар және Рудный жылу электр орталықтары, Ақтөбе электр станциясы мен Шымкент жылу-электр орталығынан келген әріптестермен бірге атап өтілді. 

Шарада кәсіпорында арнайы іске қосылған жұмыскерлердің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізген 55 энергетикке пәтерлердің сертификаттары табысталды.

–  Сіздер осы станцияның гүлденуі үшін тер төгіп, күштеріңізді салып, еңбек еттіңіздер. Электр станцияның тарихында қиын кезеңдермен қатар, жетістіктерге толы күндер де болды, – деді «ЕЭК» АҚ басшысы, «Энергетика» дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев. – Кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершілік, мақсатқа жете білуі мен еңбексүйгіштіктеріңіз үшін алғыс айтамын. Сол себептен, жоғары кәсіби біліктіліктеріңіз, жауапкершілікпен атқарған еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, станциямыздың 55 жылдық мерейтойымен құттықтаймын.

Энергетиктер күніне орай Ақсу электр станциясының 30 жұмыскерінің суреті кәсіпорынның Құрмет тақтасында жаңартылды, 18 энергетик кәсіпорынның, тағы 16 маман – корпоративтік марапатына, 8 адам Қазақстандық электр энергетика қауымдастығы атынан марапатқа ие болды. Сонымен қатар, бір маман «Энергетика» дивизионның алғыс хатына, 5 адам ҚР Энергетика министрлігінің медальдары, төсбелгілерімен марапатталды. Павлодар облысы, Ақсу қаласы әкімдерінің атынан 10 энергетикке марапат тапсырылды. 17 ардагер энергетикалық дивизион басшысының атынан алғыс хатқа, қаржылай сертификатқа ие болды. Марапаттарды табыстау рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, энергетиктерге табыс тілеп, мерекемен құттықтады.

–  Ең суық кезеңде кәсіптеріңіздің нағыз мән-мағынасын айтарлықтай сезінеміз. Алдарыңызда маңызды мақсат тұр – үйлерді электр қуатымен қамтамасыз етіп, жылу беру. Дәл осындай кәсіпқойлар арқасында біздің облыс Қазақстанның индустриалды жүрегіне айналды, – деп атап өтті аймақ басшысы.– Біздің өңірдің және елдің дамуына қосқан үлесі үшін жанқиярлық еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін.

ERG бақылаушы кеңестің төрағасы Шухрат Ибрагимов та кәсіпорын ұжымын құттықтады.

–  Тиянақты іске асырылып жатқан ауқымды жабдықтарды жаңарту бағдарламасының нәтижесінде станциядағы сегіз энергия блоктарының алтауы күрделі қайта құрудан өтті. Сіздермен бірге жұмыс істегенімді әрдайым мақтан тұтамын, әр табыс пен алға қойған мақсаттарға қол жеткізген сәттеріңізді көріп қуанамын. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Толайым табыстар мен жаңа белістерді бірге бағындырайық! – деді өзінің құттықтау сөзінде Шухрат Ибрагимов.

Ақсу электр станциясында табан аудармастан 28 жыл еңбек етіп келе жатқан Қуаныш Акижанов үшін биылғы кәсіби мереке ерекше. Себебі ЕЭК энергетигіне ҚР Энергетика министрінің атынан «Электр энергетикасы саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін» медалі табысталды. Ол әскерден кейін станцияға машинист-қараушы болып жұмысқа тұрды. 10 жылдан соң электр сүзгілер цехына ауысты. Ал 2005 жылдан бері электр жабдықтарына қызмет көрсететін электр монтері болып еңбек етіп келеді.

–  Жұмысым қызық, ұжымымыз да жақсы. Бір-бірімізді ұзақ жылдар бойы танимыз, зейнетке шыққан әріптестерімізбен де әрдайым байланыстамыз, жиі жүздесеміз. Электр сүзгілермен жұмыс істегендіктен, олардың ахуалына, дұрыс жұмыс істеуге, жөндеуге жіберу деген сияқты операцияларды басқарамын. Екі ұлымның бірі басқа кәсіпорында жылу энергетигі болып жұмыс істеп жүр. Бізде өзіміздің шағын энергетиктер әулеті қалыптасты, –  деді Қуаныш Акижанов.

Ал облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған метрология бөлімінің метрология инженері Юлия Леонова станцияда 30 жылдай уақыт жұмыс істеп келеді. Басында электрик болған Юлия жарақат алғаннан кейін метрология бөліміне ауысты. Ол соңғы 15 жылда 36 мыңға жуық өлшеу құралын өлшеді. Энергия блоктарын қайта құру мен жөндеуге қатысып, өлшеу құралдарын жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізді.

–  Мен станцияның түрлі кезеңінде жұмыс істедім деуге болады. Осы уақыт ішінде қаншама өзгерісті көрдім. Әрине, қазір барлығы жаңғырып, дамып келеді, – деді Юлия Леонова. – Анам да кәсіби жолын станциядан бастаған. Оның жолын қуып, электрик мамандығына түсуге бел будым. Осылайша қазір сүйікті жұмысыма күнде қуанышпен барып жүрмін. Себебі жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған.

Барлық марапаттар Ақсу электр станциясының дарынды жұмыскерлері мен олардың балалары, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен салтанатты жиында табыс етілді.

Айта кетейік, тұңғыш энергия блогы іске қосылған сонау 1968 жылдың желтоқсанынан бері Ақсу энергетиктері кәсіпорнының жұмысын бір минутқа да тоқтатпай, 666 млрд астам кВт/сағат электр қуатын өндірді. Ал биыл кәсіпорынның ұжымы шілдеден бастап электр энергиясы теңгерімді нарығы жағдайындағы жұмысқа көшіп, кәсіби мерекесі қарсаңында автоматтандырылған жиілік пен қуатты реттеу жүйесін іске қосты.

Салтанатты жиынға дейін Ақсу энергетиктерін кәсіпорнының кіреберісінде шағын концерттік бағдарлама мен аниматорлар кездестірді, ал Жастар кеңесінің белсенділері мерекелік белгісі бейнеленген төсбелгілерді таратты. Станция басшысы Данияр Шабанбаев аусым бойынша жұмыс істейтін әріптестерінің жұмыс орындарына барып, мерекемен құттықтады. Асханада түскі ас кезінде энергетиктер үшін дәстүр бойынша арнайы ас мәзірі дайындалып, тәттілер таратылды.

Алдағы уақытта ЕЭК энергетиктері туған қаласына сыйлық ретінде салынған көшедегі өнер нысанының тұсаукесерін өткізбек.

Суреттерді түсірген Азамат Омаров

Жарнамалық материал