Екібастұзда мектеп оқушылары үшін таңертеңгілік өзгеше басталды

Олар «Әкіммен бір күн» жобасы аясында жергілікті атқарушы органның жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекин Instagram парақшасында мәлімдегендей, «Әкіммен бір күн» жобасы – жастарды кәсіби бағдарлау бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі. Бұл бастама өскелең ұрпаққа мемлекеттік қызметтің қыр-сырын көрсетуге бағытталған.
– «Үміт» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен өткен кездесу барысында, олар менімен бірге бір күн өткізіп, жергілікті атқарушы органның жұмысымен танысқысы келетінін жеткізді. Осылайша №24 мектептің оқушылары Диана Мидинова мен Артем Довбыш үшін таңертеңгілік әдеттегіден өзгеше басталды, – деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Қала басшысының айтуынша, әкімдік қызметкерлерінің жұмысы тек кеңседегі жиналыстар мен құжаттармен шектелмейді. Бұл – сонымен қатар түрлі іс-шараларға қатысу, көшпелі кездесулер мен нысандарды аралау.
Бір күн ішінде балалар қала дамуына қатысты жиналысқа қатысты, спорттық турнирге барды, абаттандыру бағытындағы нысандарды аралады және құрылыс алаңын көрді.
– Күн соңында қорытынды жиын өтіп, балалар өз әсерлерімен бөлісті. Диана биыл колледжге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі болуды армандайды. Артем ағылшын тілін жақсы меңгеріп келеді және болашақта мұғалім болуды мақсат етеді. Ұстаздық – өте қадірлі мамандық, сол себепті оларға алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдіріп, естелік сыйлықтар табыс еттім, – деді Аян Бейсекин.
Қала әкімі мұндай жобаларды алдағы уақытта да жалғастыруға уәде берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram