Павлодарлық баскетболшылар жанкүйерлерін жерге қаратты
«Ертіс» Ұлттық лига аясында «Алматинский Легионға» қарсы екінші кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарсыластар арасындағы бірінші кездесу 106:98 есебімен қонақтар пайдасына шешілген болатын. Алайда сол кезде павлодарлықтар оңтүстік астанадан келген командаға тегеурінді қарсылық көрсетіп, тәуір ойын көрсеткен еді. Сол себепті жанкүйерлер екінші ойында өз баскетболшыларынан жеңіс күтті.
Бірақ бұл жолы алматылықтар «Ертіске» дес бермеді. «Алматинский Легион» командасының бойшаң да денелі ойыншылары павлодарлықтарға білгенінше әмірін көрсетті. Тіпті чемпионаттың ең нәтижелі баскетболшысы Кешон Таббтың өзіне «көз тиді», ол тек кездесудің соңына қарай «оянды», бірақ кеш болды.
Нәтижесінде 109:69 «Алматинский Легион» пайдасына. Келесі кездесуді «Ертіс» қайтадан өз алаңында ойнайды. 2 ақпан күні павлодарлықтар «Барсы Атырау» командасын қабылдайды. Кездесу 18:00-де ОРМБЖМ №2 (бұрынғы «Автомобилист» СК) алаңында басталады.