Павлодарлық биолог дабыл қақты

Павлодарлық биолог дабыл қақты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сарапшы циклахена мәселесін шешу үшін вице-министрге жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір тұрғындарымен кездесуде бірқатар экологиялық мәселелер көтерілді. «Берегиня-био» қоғамдық қорының жетекшісі, биолог Татьяна Понамарева өңірдегі жайылып өсіп жатқан арамшөп – циклахенамен күресу керек екенін айтты. 

– Біз әртүрлі факторлардың химиялық әсері туралы көп айтамыз, бірақ қоршаған ортаның биологиялық әсеріне аз көңіл бөлеміз. Нақтырақ айтқанда, ауаның, қоршаған ортаның фитосанитарлық жағдайы алаңдатады. Әсіресе, аллергия тудыратын арамшөптің қарапайым өсімдік түрлерін ығыстырып, жем-шөп базасының сапасына әсер етеді. Бұған ерекше назар аударып, шара қолдану керек сияқты,– деді Татьяна Понамарева.

Вице-министрдің сөзінше, циклахена мәселесі Павлодар өңірінде ғана емес, басқа да облыстарда  өткір тұр.  

– Химиялық, өнеркәсіптік ластануға көбірек назар аудардық, алайда бірқатар талдаулардан кейін биологиялық ластанудың да үлесі көп екенін көрдік. Басқа елдерден әкелінген сәндік өсімдіктер біздегі бар флораны ығыстырып, зиянды әсер етіп жатқаны мәлім. Сондықтан да кешенді түрде бейінді департаменттер бұл мәселені үйлестіріп, жергілікті деңгейде шешуі керек,– деді Жомарт Әлиев.

Оның айтуынша, әкімдіктерге өнеркәсіптік кәсіпорындардан келіп түсетін қаражатты зиянкес шөптермен күресуге жіберу керек.