Май ауданында ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға арналған форум өтті

Май ауданында ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға арналған форум өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шараға 200-ге жуық ата-ана қатысып, бала тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданының білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаевтың мәлімдеуінше, қатысушылар қатарында мейірім мен қамқорлық танытып жүрген қорғаншылар мен қамқоршылар да болды.

– Шараның мақсаты – ата-аналардың қоғамдағы белсенділігін күшейтіп, отбасы құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ бала құқығы, білімі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау, – дейді ол. 

Форумға аудан прокуратурасының заңгері, аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, балалар құқықтары жөніндегі облыстық уәкіл, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі және өңірлік даму үйлестірушісі арнайы шақырылды.

Спикерлер «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу», «Инклюзивті білім беру жағдайындағы ата-аналардың рөлі», «Отбасындағы сыйластық пен өнегелі қатынастар – азаматтық сананың бастауы» сынды тақырыптарда баяндама жасап, ата-аналарға маңызды кеңестер берді.

– Бүгінгі форум – өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолындағы ортақ мақсатымыздың көрінісі. Ынтымақ пен бірліктің арқасында балаларымыздың жан-жақты дамуына және олардың әлеуметтік, эмоционалдық табыстарына зор ықпал ете аламыз, – деп атап өтті Руслан Еңсебаев.

Форум барысында ата-аналар психологиялық қолдау орталығының жұмысымен танысып, психологиялық тренингтерге қатысты. Сонымен қатар, «Ұлттық STYLE» жобасы аясында «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» мүшелерінің қатысуымен шығармашылық шеберлік сағаттары өткізілді. «Отбасымның құнды жәдігері» атты көрме де көпшілік назарына ұсынылды.