Павлодарлық бизнесмендер тауар таңбаларын тегін тіркей алады
Бұл туралы «Атамекен» палатасында Әділет департаментінің өкілдері айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бейнеконференция бизнестің зияткерлік меншікті сақтау, қорғау мәселелеріндегі хабардарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Облыстық Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Әділ Төкенов тауарлар мен қызметтердің халықаралық жіктелуі туралы айта келе, тауар таңбасын тіркеуді шешкен кез келген компания осы брендтің қандай тауарлар мен қызметтерге қатысты қолданылатынын анықтап, көрсетуі тиіс екенін атап өтті.
– Халықаралық жіктеу бойынша тауарлар мен қызметтердің 45 класы бар. Бірінші үшеуі бойынша тіркеу өтінім бойынша тегін жүргізіледі. Басқа жағдайларда белгілі бір соманы төлеу қажет болады. Оны тауар таңбаларын тіркеумен айналысатын «Қазпатент» Ұлттық зияткерлік меншік институты анықтайды, – деп атап өтті Әділ Төкенов.
Спикер тауар таңбасын тіркеуге өтінім жеке кабинет арқылы өтініш беру арқылы рәсімделетінін нақтылап өтті.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуынша, ол үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба мен интернетке қолжетімділік қажет. Процедура жеті айдан тоғыз айға дейін созылады.