Павлодарлық депутаттар Курчатов қаласын Абай облысына беруге дауыс берді
Бұрын Курчатов қаласының жері Павлодар облысының аумағына кіретін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бүгін Павлодар облыстық мәслихатының II кезектен тыс сессиясында Үкіметке облыстың шекарсын өзгерту туралы ұсыныс енгізу мәселесі қаралды.
ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 жарлығымен Шығыс Қазақстан облысы құрамынан 8 аудан және Семей мен Курчатов қалаларын бөлу жолымен Абай облысы құрылды.
Жиынға қатысқан Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, Курчатов қаласының ауданы жалпы 11 мың га құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі – 9,1 мың га.
- Павлодар облысының бюджетіне Курчатов қаласынан салық түспейді. Жер және мүлік салығы Курчатов қаласының бюджетіне түседі. Аталған жарлықты іске асыру мақсатында Павлодар облысы әкімдігінің және облыстық мәслихатының ҚР Үкіметіне Павлодар облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізу туралы бірлескен қаулы және шешімі мен жобасы әзірленді, - деді Мұрат Хамитов.
Бұған дейін жері Павлодар облысының аумағына кіріп, қаланың өзі Шығыс Қазақстан облысына бағынған Курчатов қаласын жер аумағымен бірге жаңа облысқа қосу Абай облысының шекараларын сәйкестендіру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Депутаттар бұл мәселе мәслихаттың аграрлық мәселелер бойынша комиссиясында қаралғанын атап өтіп, Үкіметке ұсыныс енгізуге бірауыздан дауыс берді.
Фото: ашық дереккөздерден