Сотта «Майқайың-алтын» АҚ-ның кінәсі расталды

Сотта «Майқайың-алтын» АҚ-ның кінәсі расталды
Фото: Валерий Бугаев

Майқайың жерасты кенішінің аумағында автобус тазарту кеңістігіне түсіп, нәтижесінде төрт құтқарушы қаза тапқан оқиға сотта қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі 

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 сәуірдегі шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Істің мән-жайларынан 2024 жылғы 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ Майқайың жерасты кенішінің аумағында «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС қызметкерлерімен автобус тазарту кеңістігіне түсіп, төрт құтқарушы қаза тапты.

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен құрылған комиссия өліммен аяқталған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаның себептерін тергеп-тексеруді жүргізді, топтық жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру актісін жасады.

Жазатайым оқиға жұмыс уақытында «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде орын алды.

Сотта жазатайым оқиға «Майқайың-алтын» қауіпті өндірістік объектісінде технологиялық жолдың жоғарғы қабатының шахтаның тазарту кеңістігіне құлауы және «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушыларымен бірге автобустың құлауы салдарынан орын алғаны анықталды.

«Майқайың-алтын» АҚ орын  алған жазатайым оқиғада өзінің кінәсін жоққа шығарып, бұл актіні даулады.

– Соттар комиссия актіде «Майқайың-алтын» АҚ-ның 100% кінәсін негізді түрде көрсетті деген қорытындыға келді, өйткені болған жазатайым оқиға талапкердің өндірістік қызметімен тікелей байланысты, – деді Астана қалалық сотының баспасөз қызметінде. – Қорытындысында сотта зерттелген тергеу материалдарымен, оның ішінде сараптама ұйымдарының қорытындыларымен расталды.

Елорда соттары арнайы тергеу актісінің даулы қорытындылары заңды және негізді деп тапты, ал «Майқайың-алтын» АҚ-ның талабын қанағаттандырудан бас тартылды.

Жергілікті соттардың сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 25 шілде күні Майқайың кенішінде соңғы құтқарушының денесі табылған болатын.