Павлодарлық футболшылар бірден азулы қарсыласқа тап болды

Павлодарлық футболшылар бірден азулы қарсыласқа тап болды
Фото: Ольга Бугаева

«Ертіс» маусымды Алматыда бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Кубогының форматы қайтадан өзгерді, енді Бірінші лиганың 16 командасы екі жолға бөлінді. Олардың әрқайсысын жеңгендер 1/8 финалға жолдама алады, сол жерден жарыс жолына Премьер-Лига клубтары қосылады.

Павлодарлықтардың алғашқы қарсыласы қарағандылық «Шахтер» болатын болды. Осылайша, Бірінші лига аясында Премьер-лига жолдамалары үшін таласатын «Ертіс» пен «Шахтер» ел Кубогы жолындағы матчта бірден ұшырыспақ. Бұл жайт матчты одан да қызықты ететінін меңзейді.

Осы жұптың жеңімпазы «Turkistan» мен «SD Family» кездесуінің жеңімпазымен кездеседі. Әрі қарай плей-офф жүйесі бойынша «Жас-Қыран», «AKAS», «Каспий» және «Оңтүстік» бар. Тізімде көрсетілген сегіз команданың үздіктері 1/8 финалда алматылық «Қайратқа» қарсы ойнайды.

Кубокң алғашқы кезеңі наурыздың 15-і мен 23-і аралығында Алматыда өтеді.