Павлодарлық студенттер қазақ күресінен республикалық жарыстан қоламен оралды
Жоғары оқу орындар арасында ең үздік спотшыларды анықтайтын үлкен турнир екі жылда бер рет ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласындағы Назарбаев университетінде қазақ күресі бойынша республикалық студенттік спорттық лигасы өтті. ҚР Жоғары оқу орындарының 50-ден астам командасы бақ сынаған байрақты бәсекеге Марғұлан университетінің командасы да қатысты.
Жарыс нәтижесі бойынша 90 келі салмақта белдескен Бижан Сәдуақасов жүлделі үшінші орынды еншілесе, 55 келі салмақта күрескен Аяулы Ырымбай да үшінші орынды қанжығалап, қола медальға ие болды.
Аталмыш жарысқа оқу орындары алдын ала іріктелген ең таңдаулы спортшыларын жібереді. Марғұлан университетінің спортшылары бұған дейін Шығыс дивизионында іріктеуден өтіп, республикалық лигаға жолдама алған болатын.
– Жарыс күрделі болды. Студенттер лигасы екі жылда бір рет өткізілетін жарыс болғандықтан, әрбір қатысушы үшін медаль алу маңызды. Мен бұл жарыста Атырау, Алматы, Солтүстік Қазақстан споршыларымен жалпы төрт белдесу өткізіп, оның үшеуін жеңіспен аяқтадым,– деді Аяулы Ырымбай.
Студенттер жарысқа дайындаған барша жаттықтырушыларға, ұстаздарға алғысын білдіруде.