Павлодар облысында жылу желілері қалай тексеріледі және бұл неге маңызды?

Соңғы үш жылда магистральдік желілердегі ақауларды жою және гидравликалық сынақтарды жүргізу облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов өңір тұрғындарының жиі шағымдануына қатысты пікір білдірді.
– Павлодарлықтардан «жаз бойы ешқандай жұмыс жүргізілмейді» деген сұрақтар көп түседі. Бұл – қате пікір. Регламентке сәйкес, гидравликалық сынақтар жылына екі рет өткізіледі. Біріншісі – жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, желілердің беріктігі, қысым мен температурасы тексеріледі. Температуралық сынақтар екі жылда бір рет жүргізіледі. Екінші кезең барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, жаз бойы жөндеу жүргіземіз, содан кейін олардың тиімділігін бағалау үшін сынақтар өткізуге міндеттіміз, – деп атап өтті Ержан Иманзайыпов.
Коммуналдық қызметтер жылу желілеріндегі апаттылықтың жыл сайын төмендеп келе жатқанын айтады.
– Бұрын үш-бес шақырым желі жөнделсе, қазір көрсеткіш 31 шақырымнан асты. Бұл көлем ағымдағы жөндеулермен қатар, күрделі құрылыс жұмыстарына да байланысты. Мысалы, Павлодарда ТМ-20 учаскесінде алты шақырымдық желі салынып жатыр, ал Екібастұзда ТМ-2 және ТМ-7 учаскелерінде бес шақырымдық желі жөнделді. Бұл жұмыстар жылыту маусымының сапалы өтуіне тікелей әсер етеді, – деді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ Ақсудағы сынақтардан кейін анықталған ақаулардың арту себебін түсіндірді.
– Бұрын моноқалада сынақтар тек магистральдік желілерде ғана жүргізілетін. Қазір аулаішілік желілер де қамтылып отыр. Магистральдік желілер жалпы көлемнің шамамен 20 пайызын құрайды. Ақсуда 99 шақырым желі бар, оның ішінде магистральды желілердің үлесі – 18–20 шақырым. Бұрын тек соларды сынақтан өткізетінбіз, сондықтан былтыр ақау болмағандай көрінді. Биыл желінің барлық учаскелері сынақтан өтті. Бұл – қыс мезгілінде апаттардың алдын алу үшін жасалған шара, – деп нақтылады басқарма басшысы.
Басқарма мамандарының мәліметінше, Павлодардың оңтүстік желілік ауданында сынақ нәтижесінде 69 ақау, солтүстігінде 51 ақау анықталды. Екібастұзда гидравликалық сынақтар үш кезеңмен өтті, нәтижесінде 143 ақау тіркелді. Ақсуда сынақтар жақында аяқталды, қазіргі таңда жеті ақау анықталған. Оларды жою жұмыстары бүгін басталды.
Биыл облыс қалаларында гидравликалық сынақтар жүргізуге шамамен үш миллиард теңге бөлінді.