Павлодар университеті колледждер, ЖОО және бизнесті біріктіруде

Павлодар университеті колледждер, ЖОО және бизнесті біріктіруде
Фото: ИНЕУ баспасөз қызметі

Кездесу барысында оқу орындары мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты арттыру, жаңа технологияларды енгізу және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Инновациялық Еуразия университетінде «Болашақ векторы: колледждер мен жоғары оқу орындарының жұмысшы мамандықтарын дамытудағы синергиясы» атты кең ауқымды кездесу өтті. 

Оған облыстық мәслихат депутаттары, білім беру мекемелерінің директорлары және ірі кәсіпорындардың басшылары қатысты. Кездесудің мақсаты – оқу орындары мен өндірістік компаниялар арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ негізгі экономикалық салалар үшін білікті кадрлар даярлау бойынша басымдықтарды айқындау болды.

ИнЕУ проректоры Амангелді Бейсембаев шараны аша отырып, Қазақстан экономикасында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын атап өтті. 

– Бүгін біз маңызды кезеңнің – Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылының қарсаңында тұрмыз. Бұл жай ғана бастама емес, еңбекке деген құрметті жаңғыртуға, өнеркәсіптің, инженерлік және техникалық мамандықтардың дамуына бағытталған ауқымды қадам. Жұмысшы мамандықтары – экономиканың негізі, кез келген өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік және басқа да салалардың тірегі, – деді ол.

Кездесуден бұрын қатысушыларға университеттің аудиториялары мен зертханалары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. ИнЕУ профессорлары мамандар даярлау үдерісін, жаңашылдықтар мен инновациялық жобаларды таныстырды. Облыстық мәслихат депутаты Раушан Даумова университеттің жоғары деңгейдегі жабдықталуын атап өтті.

– Университеттің заманауи материалдық-техникалық базасы, студенттерге жасалған жағдайлар бізді таңғалдырды. Мұнда техникалық мамандық студенттері оқытушылар берген теориялық білімдерін бірден тәжірибеде қолдана алады. Дуальды білім беру жүйесінің енгізілгені өте маңызды, өйткені студенттер өздерін нақты өндірісте көрсете алады. Инновациялық Еуразия университетінің еңбек нарығының сұраныстарына сай жоғары білікті мамандар даярлауға ұмтылып отырғанын анық көріп тұрмын, – деді ол.

Кездесу барысында кәсіби білім беру жүйесін дамыту, жұмысшы мамандықтарын жастар арасында танымал ету, жаңа технологияларды енгізу және студенттер үшін мансаптық перспективаларды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. 

– Бүгінде алдымызда бірқатар маңызды міндеттер тұр: цифрлық және индустриялық трансформация жағдайында жұмыс істей алатын мамандар даярлау, колледждер мен жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту, инженерлік ойлау жүйесін қалыптастыру және қолданбалы дағдыларды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және озық технологияларды енгізу, – деп атап өтті Амангелді Бейсембаев.

Кездесуге қатысушылар Жұмысшы мамандықтар жылының еңбекке деген құрметтің символы ғана емес, кәсіби білім беру жүйесіндегі реформалардың бастамасы болатынына, өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуға және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін беретініне сенім білдірді. 

– Жұмысшы мамандықтары мен инженерлік мамандықтар тығыз байланысты. Инженерлер идеялар мен жобалар әзірлейді, ал шеберлер, техникалық мамандар мен технологтар оларды жүзеге асырады, – деп түйіндеді сөзін ИнЕУ проректоры Амангелді Бейсембаев.

Шара соңында білім беру мекемелері, бизнес және мемлекет арасындағы бірлескен күш-жігер арқылы қазіргі экономиканың талаптарына жауап беретін кадрларды даярлауда үлкен жетістіктерге жетуге болатыны атап өтілді.