Павлодарлық кәсіпкер әйелдер Германиядағы тағылымдамаға қатыса алады

Павлодарлық кәсіпкер әйелдер Германиядағы тағылымдамаға қатыса алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бағдарлама неміс компанияларымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі кәсіпкерлерге арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Іскерлік байланыстар» құралын іске асыру аясында «Жалпы экономикалық кооперация» халықаралық әйелдер тобына қатысушыларды іріктеу басталды. Бағдарлама Partnering in Business with Germany жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Топтың операторы – Германияның Потсдам қаласындағы Gisma Consult GmbH консалтингтік орталығы.

Бағдарлама неміс компанияларымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі және нақты жобалары бар кәсіпкерлерге арналған. Ұйымдастырушылар өңірден кемінде екі қатысушыны іріктеуді жоспарлап отыр.

Конкурстық іріктеуге мына салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың басшылары мен топ-менеджерлері қатыса алады:

  • өнеркәсіп және машина жасау, энергетика;
  • мұнай-газ және химия өнеркәсібі;
  • агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі; 
  • ақпараттық технологиялар және цифрландыру; 
  • көлік және логистика;
  • құрылыс және инфрақұрылым; 
  • медицина және фармацевтика;
  • экология және қалдықтарды қайта өңдеу;
  • жеңіл өнеркәсіп және басқа да бағыттар.

Қатысушылар басқарушылық шешім қабылдау өкілеттігіне ие болуы тиіс. Сонымен қатар олар жылдық орташа табысы кемінде 10 мың АЕК (43 250 000 теңге) болатын кәсіпорындардың атынан қатысуы қажет.

Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады. Онлайн тренингтер мен жеке консультациялардан тұратын дайындық кезеңі 10 тамыз бен 10 қазан аралығында өтеді. Onboarding-сессиясы 10 тамызға жоспарланған.

Ал негізгі кезең және Германиядағы тағылымдама 11-30 қазан аралығында ұйымдастырылады.

Іріктеуге қатысу үшін үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

  • «Атамекен» ҰКП-ға арналған өтінім;
  • қатысушының міндеттемесі;
  • сауалнама (application form); 
  • компания туралы буклет немесе PowerPoint форматындағы презентация;
  • сатып алу жоспарланған жағдайда өнімнің техникалық сипаттамасы;
  • шетелдік компаниялардың ынтымақтастыққа қызығушылығын растайтын хаттар (бар болса; 
  • соңғы үш жылдағы табысты растайтын құжаттар және мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе басшыны тағайындау туралы бұйрық.

Қатысушыларды іріктеу «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта өтеді.

Бағдарлама аясында неміс тарапы қатысушылардың визасын рәсімдеу, Германиядағы тұру шығындары, медициналық сақтандыру және ішкі трансферді қамтамасыз етеді. Қазақстан – Германия – Қазақстан бағыты бойынша жол шығындарын қатысушылар өздері көтереді.